
2026 жылы 18 мамырда Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы Бас консулдығы және «Омск 400» бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру, туризмді дамыту жобаларды басқару жөніндегі өңірлік орталығының» қолдауымен Астана қаласының туристік әлеуетін ілгерілетуге, туризм саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға, сондай-ақ Қазақстан астанасының заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыт ретіндегі имиджін нығайтуға бағытталған «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының роуд-шоуы өтті.
Іс-шара аясында Астана қаласы мен Омбы облысының туристік индустрия өкілдері арасында B2B-кездесулер ұйымдастырылып, өзара туристік алмасуды дамыту, бағыттар желісін кеңейту, бірлескен жобаларды іске асыру және екі өңірдің туристік өнімдерін ілгерілету перспективалары талқыланды.
«Astana Tourism» делегациясының құрамына туроператорлық компаниялардың, қонақ үй бизнесінің, Vietjet Qazaqstan әуе компаниясының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның туристік қауымдастығының басқа да өкілдері кірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша «Омск 400» бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру, туризмді дамыту және жобаларды басқару жөніндегі өңірлік орталығы мен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Омбы облысы мен Астана қаласы арасындағы серіктестік байланыстарды дамытуға, туризм саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған.