
20–21 қараша күндері Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының бастамасымен көрнекті қазақ ғалымы, тарихшы, этнограф, саяхатшы және дипломат Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына арналған «Уәлиханов оқулары» атты ауқымды халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Шоқан Уәлиханов – бүгінгі күні де халықтар мен өркениеттер арасындағы диалогтың символы болып қала беретін ойшыл.
Конференция Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және басқа да елдерден келген жетекші отандық және шетелдік зерттеушілерді, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдерін, сарапшылар қауымдастығын және қоғамдық ұйымдарды бір алаңға біріктірді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Ш.Ш. Уәлихановтың ғылыми мұрасын жан-жақты зерделеу, оның Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге қосқан үлесін бағалау, сондай-ақ ғылыми және гуманитарлық байланыстарды нығайту.
Конференцияның алғашқы күнінде қатысушылар А.С. Пушкин атындағы Омбы облыстық ғылыми кітапханасына барып, Уәлиханов дәуіріне қатысты сирек басылымдардың бірегей жинағымен танысты. Экспозицияда ғалым өзі оқыған және пайдаланған кітаптарға ұқсас басылымдар ұсынылды. Экскурсия барысында мамандар кітапхана қорларынан алынған бірегей архивтік материалдарды да көрсетті.
Пленарлық отырыста Қазақстан мен Ресейдің академиялық институттарының жетекші тарихшылары мен шығыстанушылары, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Пекин университетінің профессоры баяндама жасады. Пленарлық бөлімнен кейін Қазақстан мен Ресейдің мектеп оқушылары арасында өткен «Шоқан Уәлиханов: дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық эссе конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалында Уәлиханов еңбектерін талдау, оның экспедициялары мен Қашқарға жасырын миссиясы, тарихи жад мәселелері, мәдениетаралық диалог және Орталық Азиядағы қазіргі геосаяси динамика тақырыптарын қамтыған ғылыми сессиялар өткізілуде.