Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Омбыдағы ҚазҰУ филиалының қызметімен танысты

Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Омбыдағы ҚазҰУ филиалының қызметімен танысты

Ресей Федерациясының Үкімет Төрағасы Михаил Мишустин Омбы қаласында орналасқан Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалына барды. ҚазҰУ – Ресей аумағында өз филиалын ашқан алғашқы қазақстандық университет болды.

Іс-шараға Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Омбы облысының жоғары білім және ғылыми-технологиялық даму жөніндегі министрі Александр Кольцов, Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректор міндетін атқарушы Иван Кротт қатысты.

Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры – басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев қатысты. Құрметті қонақтарды осы лауазымды тұлғалар қарсы алды.

Қонақтар қабылдау комиссиясының жұмысымен танысып, оқу корпусы мен ғылыми кітапхананы аралады. Кітапханада ҚазҰУ-дың ғылыми басылымдары ұсынылды.

Қазіргі уақытта қабылдау науқаны аясында филиал бакалавриаттың үш бағыты бойынша студенттер қабылдауда: филология факультеті – қазақ тілі мен әдебиеті, заң факультеті – кеден ісі, халықаралық қатынастар факультеті – халықаралық құқық. 200-ден 250-ге дейін талапкер қабылдау жоспарланып отыр.