XXVIII Петербург халықаралық экономикалық форум алаңында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Самара облысының губернаторы Вячеслав Федорищевпен кездесті.
Самара өңірі Қазақстанмен экономикалық және мәдени тұрғыдан тарихи тығыз байланысты. Географиялық жақын орналасуы өзара сауда мен туризмнің серпінді дамуына ықпал етеді, ал жергілікті қазақ қауымы шекаралас облыстар арасындағы достықтың берік көпірі болып табылады.
Қазақстан дәстүрлі түрде Самара облысының сыртқы сауда серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. 2025 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан экспорт көлемі бойынша 5-ші және импорт көлемі бойынша 8-ші орында.
Бірқатар бірлескен жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Елшінің Самара облысына өткен жылғы сапары барысында Алматы облысында қуаттылығы жылына 15 000 тонна жол саласына арналған металл конструкцияларын шығаратын зауыт салуға жер учаскесін беру туралы меморандумға қол қойылды. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1 миллиард рубльді құрайды.
Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты білім беру саласы болып табылады. Өңірдің жоғары оқу орындарында екі мыңға жуық қазақстандық оқиды.
Д.Абаев пен В.Федорищев Самара облысы мен Қазақстанды ұзақ және берік тату көршілік қатынастар байланыстыратынын, ал өзара іс-қимыл экономиканы ғана емес, іс жүзінде барлық салаларды қамтитынын ризашылықпен атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша оның қатысушылары өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруда жан-жақты қолдау көрсетуге келісті.