Қазақстан Бостонның жетекші университеттерімен ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Бостонның жетекші университеттерімен ынтымақтастықты нығайтуда

Бостон, АҚШ, 2025 жылғы 23-24 сәуір – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Бостон қаласына іссапары аясында АҚШ-тың жетекші ғылыми және білім беру орталықтарымен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды іс-шаралар өткізілді. Сапар барысында Гарвард университеті мен Массачусетс технологиялық институтымен (MIT) екіжақты әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында маңызды іс-шаралардың бірі Гарвард университетінде өткен «Жасанды интеллектті ұлттық және жаһандық деңгейде басқару: АҚШ пен Қазақстанның көзқарасы» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелге қазақстандық делегациясының қатысуы болды.

Аталған іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Satbayev University жанындағы Сандық инженерия және технологиялар институты және Narxoz университетінің ынтымақтастығымен ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел барысында қазақстандық және американдық сарапшылар жасанды интеллект, биотехнология, орнықты энергетика және білім берудің цифрлық трансформациясы салаларында бірлескен ғылыми жобаларды дамыту, сондай-ақ қазақстандық зерттеу топтарының халықаралық ғылыми консорциумдарға интеграциялану мәселелерін талқыланды.

Пікірталас Біріккен Ұлттар Ұйымының Болашақ саммиті мен Ғаламдық цифрлық келісім секілді жаһандық бастамалар аясында өтіп, жасанды интеллекттің ғылым, білім беру және халықаралық қатынастардағы рөліне ерекші мән берілді.

Іссапар қорытындысы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Гарвард университетінің Дэвис орталығы арасында бірлескен ғылыми зерттеулер мен академиялық бастамаларды дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, Саясат Нұрбек АҚШ университеттерінде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өткізді. Кездесу барысында академиялық мобильділік, студенттердің ғылыми жобаларға және стартаптарға қатысуы мәселелері қарастырылды. Министр шетелде жинақталған білім мен тәжірибені Қазақстанның инновациялық дамуына тиімді пайдалану, ғылыми зерттеулерді қолдау және орнықты даму мақсаттарына қабілетті жаңа буын көшбасшыларын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.