Нью-Йорк, 2025 ж. 17 наурыз – Нью-Йорк бұқаралық кітапханасына (The New York Public Library) қазақ ақын-жазушылары мен композиторларының шығармаларын тапсыру рәсімі өтті. Туындыларды Нью-Йорк кітапханасына сыйға беру - Қазақстан мен Америка Құрама Штаттар арасындағы оқу-ағарту-мәдени байланысты одан әрі нығайтудағы маңызды қадам.
Рәсімге кітапхананың коллекциялар мен зерттеулер жөніндегі директоры Дениз Хибэй, коллекциялар мен ғаламдық зерттеулерді дамыту жөніндегі директоры Джейсон Бауманн, «Global Music Partnership» негізін қалаушысы Владимир Дё, сондай-ақ АҚШ-тағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Р.Тілеулин қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармалары, Шоқан Уәлихановтың таңдаулы еңбектері, Жабайхан Әбділдин мен Раушан Әбділдинаның «Abai. Philosopher. Reformer. Humanist» туындысы, сондай-ақ заманауи қазақ прозасы мен поэзиясының жинақтарымен таныстырды.
«Тарих, мәдениет және әдебиеттің түрлі аспектілерін қамтитын бұл шығармалар американдық оқырмандарға Қазақстанның бай әдеби-мәдени мұрасымен танысуға зор мүмкіндік береді»,– деді Дениз Хибэй.
Ұлы ойшылар – Абай Құнанбайұлы мен Шоқан Уәлихановтың еңбектеріне ерекше назар аударылды. Абай көрнекті ақын, философ және гуманист ретінде қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор ықпал етті. Оның шығармалары Гарвард және Оксфорд сияқты әлемнің жетекші университеттерінде зерттеледі. 1995 жылы ЮНЕСКО оның мұрасын материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізе отырып, әлемдік мәдениетке қосқан үлесін бағалады.
Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы-ағартушысы. Ол Орталық Азия халықтарының тарихы, мәдениеті мен географиясын зерттеп, құнды еңбектер қалдырды. Өз дәуірінде прогрессивті ойларымен танылып, қазақ қоғамының дамуына зор ықпал етті.
«Global Music Partnership» негізін қалаушы Владимир Дё атақты қазақ композиторы Қуат Шілдебаевтың соло скрипкасына және ішекті аспаптарға арналған «Қаракемер» күйінің партитураларын ұсынды.
«АҚШ-та алғаш рет жарық көрген партитура батыс орындаушыларына қазақтың бірегей фольклорын өз репертуарына қосуға мүмкіндік береді. Ол эпикалық музыкалық баяндау формасына негізделген және өзара шығармашылық ынтымақтастыққа шабыттандырады деген ойдамын»,– деді Владимир Дё.
1895 жылы негізі қаланған Нью-Йорк бұқаралық кітапханасы бүкіл Нью-Йорк бойынша 90-нан астам филиалы бар әлемдегі ірі кітапхана институттарының бірі. Әлемнің миллиондаған үздік туындылары, қолжазбалары мен түрлі шығармалары шоғырланған әйгілі кітапхана енді өз оқырмандарына Қазақстанның да әдеби-тарихы, мәдени бай мұрасын ұсынады. Кітапханадағы Қазақстан авторларының туындысы заманауи, жаңа кітаптармен толықты.
Нью-Йорк төріндегі бұл әйгілі кітапхана жылына зерттеуші, студенттер және әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристерден құралған миллиондаған келушілерді қабылдайды. Әлемдегі ең үздік әрі сирек туындыларға бай, ерекше колдекцияларымен танымал New York Public Library Американың жетекші мәдени институттарының бірі болып саналады.