«Атамұра» баспасы Пенсильваниядағы қазақ диаспорасына оқу материалдарын табыстады

«Атамұра» баспасы Пенсильваниядағы қазақ диаспорасына оқу материалдарын табыстады

Филадельфия, 2025 жылғы 6 наурыз – ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Рауан Тілеулин аймақтық сапар аясында Пенсильвания штатында тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында дипломатиялық өкілдік пен қазақ қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Кездесудің басты тақырыбы «Атамұра» баспасының қазақ диаспорасына арнаған оқу материалдарының салтанатты түрде табыстауы болды.

Қазақстанның жетекші баспаларының бірі саналатын «Атамұра» оқу материалдарын шетелдегі қазақстандықтардың ұлттық мәдениеті, тілі мен дәстүрлерін сақтауға қолдау көрсету мақсатында ұсынды.

Бас консул аталған бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, қазақстандықтардың ұлттық бірегейлігін сақтау басты міндеттердің бірі екендігіне назар аударды. Сондай-ақ, Р.Тілеулин қазақ диаспорасына қолдау көрсеткені үшін «Атамұра» баспасына алғыс білдіріп, дипломатиялық өкілдіктің отандастармен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін айтты.

Диаспора өкілдері «Атамұра» баспасына оқу материалдары үшін ризашылықтарын білдіріп, оқу құралдарының АҚШ-та тұратын қазақ балаларына ана тілін, Қазақстан әдебиеті мен тарихын тереңірек меңгеруге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу аясында Филадельфия мен Нью-Йорктегі қазақ диаспорасы өкілдері арасында Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.