Филадельфия, АҚШ, 2025 жылғы 5-6 наурыз - Филадельфияға (Пенсильвания штаты) жұмыс сапары барысында ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Р.Тілеулин және Нархоз университетінің вице-президенті А.Раимжанова Пенсильвания штатының жетекші университеттерімен келіссөздер жүргізді.
Екі елдің білім беру институттары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Пенсильвания университеті (UPenn) ректорының орынбасары А.Гадсденмен және Drexel University ректорының орынбасары Р. Минанамен кездесулер өтті.
Келіссөздердің басты тақырыбы бизнес-әкімшілендіру, мемлекеттік басқару, IT, құқық және білім беру менеджменті сияқты бірқатар бағыттар бойынша академиялық әріптестік даму мүмкіндіктері болды. Тараптар бірлескен модульдер, сертификаттау курстары, академиялық ұтқырлық, ғылыми мектептер және қос диплом бағдарламалары сияқты ынтымақтастық форматтарын талқылады.
"UPenn және Drexel сияқты беделді университеттермен ынтымақтастық біздің студенттер мен оқытушыларға қосымша мүмкіндіктер ашады. Біз пәнаралық білім беру бағдарламалары мен жаһандық бастамаларды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді әріптестікке сенеміз", – деп атап өтті Нархоз университетінің вице-президенті А.Раимжанова.
Сонымен қатар, Нархоз университеті Penn State University-мен белсенді ынтымақтастықты дамытуда. Студенттерге төрт жыл ішінде бакалавр және магистр дәрежесін алуға мүмкіндік беретін 3+1 бірлескен бағдарламасы (Narxoz-да бакалавриатта үш жыл және АҚШ-та заң бойынша магистратурада бір жыл) іске қосылды. Penn State University профессорлары Нархоз университетінің жазғы мектептеріне, бірлескен зерттеулерге және пәнаралық академиялық жобаларға қатысады.
Нархоз университеті сондай-ақ Illinois Institute of Technology университетімен серіктестікте жұмыс атқаруда. 2025 жылдың қаңтар айында жоғары оқу орындары арасында институционалдық келісімге қол қойылды. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап қос дипломды бағдарлама іске қосылады, бұл студенттерге Computer Engineering және Digital Technologies мамандықтары бойынша Қазақстан мен АҚШ университеттерінің екі бакалавр дипломын алу мүмкіндігін береді.
Жұмыс сапары аясында Р. Тілеулин сондай-ақ Қазақстан мен Пенсильвания штаты арасындағы экономикалық, сауда және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.
Филадельфия қаласының Сауда департаментінің басшысымен және Пенсильвания штаты халықаралық бизнес дамыту жөніндегі кеңсесімен өткен кездесулер, экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын және штат компанияларын АӨК өнімдерін терең өңдеу, денсаулық сақтау және IT сияқты салалардағы бірлескен жобаларға тарту мүмкіндіктерін талқылауға мүмкіндік берді.