Ахмет Байтұрсынов

Ахмет Байтұрсынов

Ахмет Байтұрсынов (Ахмет Байтұрсынұлы) (1872 жылғы 5 қыркүйек – 1937 жылғы 8 желтоқсан) – Алаш қозғалысының көсемі, ұлттық ғылымның негізін салушы, ақын, аудармашы.

Ахмет Байтұрсыновтың саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторларының бірі –Байтұрсынов болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынов 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылады. Оған тағылған айыпта: халық арасына іріткі салып, «өзін-өзі автономиялық басқару идеясын таратты, орыс пен қазақ арасында өшпенділік қоздыру ісімен айналысты» деп көрсетілген. ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынов Орынборда 1910-1917 жылдары тұрды. Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Осы қалада 1913-1918 жылдары өзінің ең жақын сенімді достары Ә. Бөкейханов, М. Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер-білімді игеруге шақырды.

Байтұрсынов «Алаш» партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынов пен М. Дулатов қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру-жүз аралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары мойындады. Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсыновты бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алаш Орда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынов 1919 жылы наурызда Алаш Орда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Байтұрсыновтың ықпалымен сәуірде Алаш Орда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынов бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И. Ленинге Кеңес үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты. Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 жылы 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы Байтұрсыновтың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды. 1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ береді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына профессор қызметіне ауысады.

Ф.И.Голощекиннің нұсқауымен Алаш қозғалысы қайраткерлеріне қарсы жасалған қуғын-сүргін кезінде, 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңында тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынов ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды.

1937 жылы 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді.

Абақтыда отырған кезінде тергеушілердің қойған сауалына: «Менің идеалым – қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игілікті дамуының алғышарты болғандықтан мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз ете алса, соған риза болмақпын» деп жауап қайтарған еді.

Байтұрсыновтың алғашқы шыққан «Қырық мысал» (1909) кітабында Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жеткізсе, «Маса» (1911 ж.) кітабында ақынның азаматтық арман-мақсаты кестеленген. Ел тағдырының келешегіне алаңдаған ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының көсемі болды.