«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейлі диалог

«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейлі диалог

Ташкент, 2021 жылдың 1 шілдесі – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейлі диалогының отырысына қатысты.

Еуроодақ делегациясын Еуропалық сыртқы істер қызметі Бас хатшысының орынбасары Энрике Мора бастап барды. Орталық Азия мен Еуропаның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін Ауғанстанмен ынтымақтастықты дамытудың аса маңыздылығына байланысты отырысқа Ауғанстан Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Мирвайс Наб қатысты.

Кездесу барысында тараптар өңіраралық ықпалдастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде Орталық Азиядағы ЕО бағдарламалық қызметін, Ауғанстанға қолдау көрсету мен жағдайды реттеуге бағытталған бірлескен күш-әрекеттерді, сондай-ақ биылғы күзде Душанбеде өтетін 17-ші «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» министрлік кездесуінің күн тәртібі мен дайындық барысын талқылады.

Еуропалық тарап ішкіөңірлік жақындасу үрдістеріне және өңір елдерінің өзара ықпалдастығын нығайтуға бағытталған ұлттық және өңірлік шараларына оң бағасын беріп, Еуроодақ тарапынан Орталық Азиядағы кооперацияның жанжақты дамуын әрдайым қолдайтынын қайта растады.

Өз сөзінде қазақстандық дипломат өңірдегі ахуалмен таныстырып, тұрақтылық пен орнықты дамуға бағытталған ұлттық және өңірлік іс-қимылдар туралы кеңінен баяндап, саясат, экономика және қауіпсіздік салаларында өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар сындарлы ұсыныстарын берді.

Қатысушылар шекараларды басқару саласында өзара ықпалдастықты кеңейтуге, терроризм мен экстремизм, заңсыз есірткі айналымына қатысты өңірлік қауіп-қатерлерді бірге еңсеруге, құқық қорғау органдары арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ауған проблемасының шешу жолдарын бірлесе пысықтауға өзара мүдделілігін растады.

Бұған қоса, өңірдің орнықты даму мәселелері, соның ішінде трансшекаралық су көздерін оңтайлы пайдалану, экологиялық және климаттың өзгеруі проблемаларын шешу саласындағы ынтымақтастық кеңінен талқыланды.

Кездесудің нәтижесінде тараптар Орталық Азиядағы ЕО стратегиясының басым бағыттарын орындауға күш-әрекеттерін жұмсауды жалғастыратыны туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.