
Канастота, Нью-Йорк штаты, 2026 жылғы 14 маусым – Қазақстанның көрнекті боксшысы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан Халықаралық бокс даңқы залына (International Boxing Hall of Fame, IBHOF) ресми түрде енгізілді.
Салтанатты рәсімге әлемдік бокс қауымдастығының өкілдері, қазіргі және бұрынғы әлем чемпиондары, спорт журналистері, сарапшылар, сондай-ақ түрлі елдерден келген көптеген бокс жанкүйерлері қатысты.
Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына үміткер болу құқығына ие болған алғашқы жылы-ақ сайланып, 2026 жылғы лауреаттар қатарына Антонио Тарвер және Найджел Беннмен бірге енді. Тиісті шешім боксты жариялайтын Журналистер қауымдастығы мүшелерінің, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен осы спорт түрінің тарихшыларының дауыс беру қорытындысы бойынша қабылданды.
Кәсіби мансабында Геннадий Головкин WBA, WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды, дивизион рекордын қайталай отырып, орта салмақтағы чемпиондық атағын 20 рет сәтті қорғап, өз буынының ең көрнекті боксшыларының қатарына лайықты түрде кірді.
Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс даңқы залына енгізілуі оның айрықша спорттық жетістіктері мен әлемдік бокстың дамуына қосқан елеулі үлесінің халықаралық деңгейде мойындалуы болып табылады. Бұл оқиға қазақстандық бокс мектебінің жоғары деңгейін және оның осы спорт түрінің дамуына қосқан маңызды үлесін де айқындайды.
Қазақстан үшін бұл оқиғаның маңызы ерекше, өйткені ол отандық спорт тарихындағы маңызды белестердің бірі саналады.
Анықтама: Халықаралық бокс даңқы залы (International Boxing Hall of Fame, IBHOF) 1989 жылы Нью-Йорк штатының Канастота қаласында құрылған және көрнекті спортшылар мен бокс қайраткерлерінің жетістіктерін мәңгі есте қалдыруға арналған әлемдегі ең беделді мекемелердің бірі болып табылады. Әр жылдары Даңқ залына Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Шугар Рэй Леонард, Джо Фрейзер, Джордж Форман, Мэнни Пакьяо, Виталий және Владимир Кличко, Константин Цзю және басқа да әйгілі боксшылар енгізілген.