Қазақстандық кәсіпкерлер Нью-Йоркпен ынтымақтастық географиясын кеңейтуде

Қазақстандық кәсіпкерлер Нью-Йоркпен ынтымақтастық географиясын кеңейтуде

Нью-Йорк, 2026 жылғы 31 мамыр – Қазақстандық бизнес өкілдерінен құралған делегация АҚШ-та өтіп жатқан  International Franchise Expo 2026 халықаралық франчайзинг көрмесіне қатысу, сондай-ақ америкалық іскерлік және кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізу мақсатында АҚШ-қа келді.

Делегация құрамына қоғамдық тамақтандыру, агротехнологиялар, жарнама, полиграфия және визуалды коммуникациялар салаларында қызмет ететін қазақстандық компаниялардың басшылары мен құрылтайшылары кірді.

Сапардың негізгі мақсаты – қазақстандық брендтер мен франшизаларды Америка нарығында ілгерілету мүмкіндіктерін зерделеу, әлеуетті серіктестер мен инвесторларды іздеу, АҚШ-та бизнес жүргізудің озық тәжірибелерімен танысу, сондай-ақ халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамыту.

Сапар аясында ҚР-дың Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығында делегацияның АҚШ-та табысты кәсіпкерлік қызмет жүргізіп жүрген қазақстандық бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесуі өтті.

Кездесу барысында қатысушылар америкалық нарық жағдайына бейімделу тәжірибесімен және ұсынымдарымен бөлісіп, Қазақстан мен АҚШ кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Бағдарламаның негізгі іс-шарасы Нью-Йорктегі Javits Convention Center көрме кешенінде өтіп жатқан International Franchise Expo 2026 көрмесіне қатысу болды. Қазақстандық компаниялар өздерінің франчайзингтік тұжырымдамалары мен бизнес-модельдерін таныстырып, әлеуетті серіктестермен және инвесторлармен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ халықаралық жетекші франчайзингтік брендтердің тәжірибесімен танысты.

Қазақстандық компаниялардың осындай іс-шараларға қатысуы отандық брендтерді шетелде ілгерілетуге, елдің экспорттық әлеуетін дамытуға және Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

Анықтама: International Franchise Expo франчайзинг саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі болып табылады. Ол жыл сайын әлемнің ондаған елдерінен франчайзерлерді, инвесторларды, консультанттарды және кәсіпкерлерді біріктіреді. Көрме қатысушыларға іскерлік байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және жаңа бизнес-тұжырымдамаларды таныстыруға кең мүмкіндіктер ұсынады.