2025 жылғы 4 қазан, Нью-Йорк, АҚШ – Әлемге әйгілі қазақстандық орындаушы Димаш Құдайбергеннің үлкен концерті қарсаңында Нью-Йорктегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығында әнші мен мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ АҚШ-та қазақ мәдениеті мен музыкасын белсенді насихаттап жүрген ұйымдардың өкілдерімен кездесу өтті.
Іс-шара шетелде қазақстандық мәдени бастамаларды қолдау және мәдени байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Кездесу барысында Қазақстанның музыкалық және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған жобалар, сондай-ақ америкалық мәдени институттармен ынтымақтастықты дамыту жоспарлары талқыланды.
Кездесуде Қазақстан мен Америка арасындағы мәдени және іскерлік ынтымақтастықты дамытуға айрықша үлес қосып жүрген Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени және іскерлік қауымдастығының (Kazakhstan Cultural-Business Association of North America, KCBANA) қызметі ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар Филадельфия қаласындағы музыка профессоры, доктор Владимир Денің еңбегі жоғары бағаланды. Ол Қуат Шілдебаев, Ғазиз Жұбанов, Евгений Брусиловский сынды қазақ композиторларының шығармашылығын жүйелі түрде насихаттап, Қазақстанның мәдени бейнесін шетелде нығайтуға бағытталған жобаларды белсенді қолдап келеді.
Кездесу мәдени ұйымдар, диаспора және шығармашылық қауым өкілдерінің күш біріктіруінің маңыздылығын айқындап, мәдени дипломатия елдер арасындағы өзара сенім мен достықты нығайтуға шынайы берілген адамдардың еңбегі арқылы жүзеге асатынын тағы бір мәрте көрсетті.
2025 жылғы 5 қазанда Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында өнер көрсетіп, осы аңызға айналған әлемдік аренада жеке концертімен шыққан тұңғыш қазақстандық әртіс болмақ.