
Найроби, 2026 жылғы 15 шілде – Біріккен Ұлттар Ұйымының Найробидегі кеңсесінде (ЮНОН) Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға БҰҰ-ға мүше елдердің делегациялары, ЮНЕП басшылығы және халықаралық сарапшылар қатысты.
Өз сөзінде Қазақстанның Найробидегі БҰҰ кеңсесі жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Барлыбай Садықов жиынға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында мамандандырылған Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасымен егжей-тегжейлі таныстырды. Сондай-ақ ол 2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит алаңында ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің қорытындыларына тоқталып өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Сүлейменова онлайн форматта қатысып, делегаттардың сұрақтарына толыққанды жауап берді.
Жиын барысында келесі сарапшылар баяндама жасады:
Тариро Мбиба ханым, БҰҰ Университетінің Су, қоршаған орта және денсаулық институтының (UNU-INWEH) халықаралық істер және саясат жөніндегі маманы «Жаһандық су банкроттығы» есебінің негізгі нәтижелерін таныстырды.
Доктор Марк Смит, Халықаралық су ресурстарын басқару институтының (IWMI) Бас директоры әлемдік су архитектурасының, соның ішінде БҰҰ жүйесінің жұмыс істеу мәселелерін атап өтті.
Эвелин Хабонимана, Бурундидің БҰҰ-ның Найробидегі кеңсесі жанындағы Елшісі және Тұрақты өкілі 2026 жылы Африка одағына төрағалық етуші елдің өкілі ретінде құрлықтың су тұжырымдамасы мен саясаты туралы «Africa Water Vision 2063» баяндамасын жасады.
Доктор Сюзан Гарднер, ЮНЕП Экожүйелер бөлімінің директоры әрі Теңіз және тұщы су экожүйелері филиалының басшысы өз сараптамалық пікірімен бөлісті.
Сарапшылардың баяндамаларынан кейін Әзербайжан, Ботсвана, Бурунди, Мысыр, Еуропалық Одақ (ЕО), Иран, Индонезия, Кения, Марокко, Перу, Ресей, Руанда, Румыния, Сербия, Сомали, АҚШ, Түркия, Шри-Ланка, Франция және Эфиопия елшілері мен өкілдері сөз сөйледі.
Пікірталас қорытындысы аталған бастаманы одан әрі ілгерілету кезінде назар аударуды қажет ететін ең маңызды мәселелерді анықтауға мүмкіндік берді.
Бірқатар мемлекеттер Қазақстанның бастамасын толық қолдап, оны жүзеге асыру жолында тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдірді.