Кения Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Кения ынтымақтастығын дамыту мәселесі талқыланды

Кения Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Кения ынтымақтастығын дамыту мәселесі талқыланды

Найроби, 2026 жылғы 2 шілде – Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі, Қазақстан Республикасының Найробидегі БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Сыртқы істер және диаспора министрлігінің бас хатшысы Авраам Корир Сингоемен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Кения Президенті У.Рутоның Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жоспарлары, әртүрлі деңгейдегі сапарлар және екіжақты құқықтық базаны әзірлеу сұрақтары талқыланды.

Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар мен өзара алмасулар шеңберінде тығыз ынтымақтастыққа деген ниеттерін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша У.Рутоның Қазақстанға сапарының нәтижелерін, атап айтқанда сауда және инвестиция, транзиттік және көлік бағыттары, соның ішінде Кения порттарын пайдалану, ақпараттық және қаржылық технологиялар, ғарыш, тау-кен өндірісі, спорт және туризм сияқты салаларда жүзеге асыру мақсатында өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге қол жеткізілді.