Кения Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдайды

Кения Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдайды

Найроби, 2026 жылғы 12 мамыр – ҚР Кения Республикасындағы Елшісі, Найробидегі БҰҰ кеңсесіндегі Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Кенияның Су, санитария және ирригация министрі Эрик Мугаа мырзамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар су ресурстары саласындағы екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.

Сонымен қатар, Елші Б.Садықов контр-әріптесті ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлерде су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану мәселелерін шешудегі Қазақстанның тәсілдері мен тәжірибесі, «2024-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының су ресурстарын пайдалану және басқару тұжырымдамасы» мен «Су кодексінің» қабылдануы туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің нәтижелері мен БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын (ХСУ) құру туралы ҚР бастамасы жөніндегі ақпарат берілді. Кениялық тарап Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары саласындағы өзекті мәселелерді ілгерілету бойынша күш-жігерін жоғары бағалап, ХСУ бастамасын жүзеге асыру мәселесіне оң көзқараспен қарайтынын және оған барынша қолдау көрсетуге дайындығын мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара мүдделі мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісіп, ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірлескен шараларды одан әрі жүзеге асыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізді.