
Найроби, 2026 жылғы 21 наурыз – Қазақстан Республикасының Елшілігі Кенияда алғаш рет Наурыз мерекесін салтанатты түрде атап өтті.
Іс-шараға болу еліндегі мемлекеттік органдардың өкілдері, БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус, бизнес-қауымдастық, діни және мәдени ұйымдар қатысты.
Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов өз сөзінде, Наурыз мейрамының тойлануы еліміздің тарихындағы маңызды оқиғамен – 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық Референдумның табысты өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Бұл оқиға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға, парламентаризмді нығайтуға және азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған реформаларын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды.
«Бүгін, 21 наурыз «Наурызнама» күнтізбесінде Ынтамақтастық күні ретінде ерекше орын алады. Бұл – Қазақстанның халықаралық құқық нормалары пен БҰҰ Жарғысын сақтай отырып, дауларды мен жанжалдарды тек дипломатиялық жолмен шешуге бейілділігін растайтын және әлемдік аренада ілгерілетуге ұмтылатын асқақ рухы», – деп атап өтті Елші Садықов.
Іс-шараның құрметті қонағы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-Хабитат Атқарушы директоры Анаклаудия Россбах өз сөзінде Наурыздың жаңару мен бірліктің символы ретінде ұлттық мереке шеңберінен әлдеқайда асып түсетінін атап өтті. Ол бұл мерекенің ғасырлар бойы достық пен тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететін терең мәдени маңыздылығына тоқталды.
Россбах ханымның айтуынша, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікке, сондай-ақ қоғам ішіндегі ынтымақтастыққа үндейтін Наурыз философиясы БҰҰ-ның тұрақты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі миссиясымен тікелей үндес келеді.
Іс-шара аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің видеожолдауы көрсетілді. Ол қатысушыларды Халықаралық Наурыз күнімен құттықтап, бұл мерекенің бейбітшілік пен бірлікті ілгерілетудегі маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ қонақтардың назарына Қазақстандағы және әлемнің басқа елдеріндегі Наурыз мерекесін тойлау дәстүрлері туралы бейнеролик көрсетілді.
Қонақтар үшін Орталық Азия елдерінің (Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) және Әзербайжанның Кенияда жұмыс істейтін өкілдерімен бірлесіп, мазмұнды мәдени бағдарлама дайындалды. Қонақтар қазақ салт-дәстүрлерімен танысып, ұлттық билерді тамашалады. Соның ішінде қазақтың «Қара жорға» және әзербайжанның «Яллы» билері ерекше қызығушылық тудырды.
Іс-шара салтанатты кешкі аспен аяқталды. Қонақтарға палау, қуырдақ, бауырсақ және қазақ пен Орталық Азия асханасының басқа да дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Биыл Наурыз мейрамының Ораза айтпен (Ид аль-Фитр) тұспа-тұс келуі бұл оқиғаға бірлік пен рухани келісімнің ерекше символдық мәнін берді.