Қазақстан мен Кения іскерлік байланыстарын нығайтуда

Қазақстан мен Кения іскерлік байланыстарын нығайтуда

Найроби, 2026 жылғы 22 қаңтар – Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі Барлыбай Садықов Кения Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының (KNCCI) Президенті доктор Эрик Руттомен кездесіп, сауда айналымын кеңейту және Қазақстанды Кения тауарларының Орталық Азияға өтетін қақпасы ретінде пайдалану мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

Атап айтқанда, кениялық бизнестің ЕАЭО және Орталық Азия елдерінің нарықтарына шығуы үшін Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін пайдалану, туризм және спорт саласындағы өзара іс-қимыл, көмірсутек шикізатының экспорты, ақпараттық технологиялар, ғарыш, қазақстандық астық жеткізілімдері, сондай-ақ екі елдің қаржы институттары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Э.Рутто қалыптасып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастарды жоғары бағалап, Кения Қазақстанды Еуразия нарығына шығу үшін стратегиялық хаб ретінде қарастыратынын мәлімдеп, сондай-ақ шай, кофе, гүлдер мен авокадоны Қазақстанға тікелей экспорттау көлемін арттыруға мүдделілік білдірді.

Сонымен қатар, кениялық тарап елдің нарығына шығуды жоспарлап отырған қазақстандық компанияларға барынша қолдау көрсету ниетін растап, тікелей B2B байланыстарды орнатудың маңыздылығына назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша KNCCI мен ҚР бизнес-қоғамдастығы арасындағы жұмысты жандандырып, бірлескен бизнес-форумдар ұйымдастыру, 2026 жылы іскерлік делегациялармен алмасу, сондай-ақ тиісті семинарлар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.