
Кампала, 2025 жылғы 16 қазан – Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі және Қазақстанның БҰҰ Найробидегі бөлімшесі жанындағы Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықов бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Кампалада (Уганда Республикасы) өткен Қосылмау Қозғалысының (ҚҚ) 19-шы Министрлер Конференциясына қатысты.
Конференцияға Қосылмау Қозғалысының 80-нен астам мүше мемлекеттерінің, бақылаушы елдердің, халықаралық және аймақтық ұйымдардың делегациялары қатысты. Конференцияның тақырыбы «Ортақ жаһандық өркендеу үшін ынтымақтастықты тереңдету» деп белгіленді.
Уганда Республикасының Президенті Йовери Мусевени Қосылмау Қозғалысының жетістіктерін жоғары бағалап, қазіргі геосаяси жағдайда бейтараптық қағидатын сақтаудың өзектілігін атап, әлемдік қоғамдастықты тек қарама-қайшылыққа емес, ең алдымен сауда, инвестиция және туризм салаларындағы өзара ынтымақтастыққа басымдық беруге шақырды.
Елдер делегациялары ҚҚ-ның негізгі принциптері - тең құқылы ынтымақтастықты, мемлекеттердің егемендігін құрметтеуді, халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуді және жаһандық тұрақтылықты нығайтуды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Конференцияда сөз сөйлеген Елші Барлыбай Садықов Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап ҚҚ, БҰҰ және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын қатаң ұстанып келе жатқанына назар аударды.
Ол Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясат қағидаттарына, елдермен өзара тиімді серіктестік қарым-қатынастарды нығайтуға, бейбітшілікті, қауіпсіздікті және ынтымақтастықты нығайту мақсатында келіспеушіліктерді еңсеру үшін диалогты ілгерілетуге деген адалдығын ескерді. Осыған байланысты ол Қазақстанда Астана халықаралық форумының және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Сегізінші Съезінің өткізілгенін атады.
Барлыбай Садықов ҚҚ-ға мүше елдерге Қазақстанның халықаралық бастамаларын, соның ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ Аймақтық орталығын құру туралы қарарын қабылдауды қолдағаны және Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасын ілгерілеткені үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Конференция аясында қазақстандық делегация басшысы бірқатар екіжақты кездесулерді өткізді. Екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайту перспективалары Мозамбиктің Сыртқы істер және ынтымақтастық министрі Мария Мануэла дос Сантоспен, Ангола Сыртқы қатынастар министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Освальдо дос Сантос Вареламен, Конго Демократиялық Республикасының Сыртқы істер және сыртқы ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік министрі Айеганато Наквипоне Ноэлламен, ҚҚ-ның қазіргі төрағасы, Уганда Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Джон Мулимбамен талқыланды.
Сондай-ақ, Кения, Руанда, Эфиопия, Эритрея, Бурунди, Гвинея, Конго Республикасы, Комор, Намибия, Экваторлық Гвинея, Лесото, Сейшел, Сомали, Судан, Оңтүстік Судан елдерінің БҰҰ жанындағы елшілер және тұрақты өкілдер деңгейіндегі делегация басшыларымен екіжақты кездесулер өтті.
Конференция қорытындысы бойынша Қосылмау Қозғалысына мүше мемлекеттер саяси диалогты жандандырудың, Қосылмау Қозғалысы мүшелері арасындағы экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өткен қорытынды құжат қабылданды.
Анықтама: Қазақстан Қосылмау Қозғалысында бақылаушы мәртебесіне ие. Қосылмау Қозғалысы 1961 жылы «қырғи қабақ соғыс» текетіресі жағдайында дамушы елдердің мүдделерін қорғау мақсатында құрылған. Қазіргі уақытта 121 мемлекет Қосылмау Қозғалысының мүшесі, ал 17 мемлекет және 10 халықаралық ұйым оған бақылаушы болып табылады.