Найроби, 2025 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі, ҚР-ның БҰҰ Найробидегі бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықовтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Адам қоныстары бағдарламасының (UN-Habitat) Атқарушы директоры Анаклаудия Маринейру Сентено Россбахпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның UN-Habitat-пен өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін, соның ішінде қалалар мен елді мекендерді дамыту саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жоспарларын талқылады.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы мен UN-Habitat арасындағы өзара іс-қимыл айтарлықтай жанданып, бұл серіктестік қалалық және ауылдық елді мекендердегі реттеу, жоспарлау, жобалау және қоршаған ортаны қорғауды қоса алғанда, ұлттық қала құрылысы саясатының әртүрлі аспектілерін дамытуға ықпал еткені атап өтілді.
Тараптар 2025 жылдың шілдесінде Қызылорда қаласында климаттық өзгерістерді ескере отырып, қалаларды тұрақты дамытуға, сондай-ақ қалалар мен ауылдар арасындағы байланысқа және шағын қалалардың ел дамуына қосқан үлесіне арналған «Өңірлерден басталатын кешенді қалалық трансформация» тақырыбында өткен бірінші ұлттық қалалық форумның табысты өткенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен UN-Habitat арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін өзара кездесулерді ұйымдастыру және өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Анықтама: UN-Habitat (Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам қоныстары бағдарламасы) — тұрақты қалалық даму және елді мекендер мәселелеріне маманданған БҰҰ агенттігі. Ол 1976 жылы Ванкуверде өткен БҰҰ-ның Адам қоныстары жөніндегі бірінші конференциясынан (Habitat I) кейін, 1978 жылы құрылған. UN-Habitat үкіметтермен, жергілікті билікпен, азаматтық қоғаммен және бүкіл әлемдегі жеке сектормен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, урбанизация бойынша жаһандық күн тәртібінде негізгі рөл атқарады.