Қазақстан Республикасы Президентінің саяси реформалары туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің саяси реформалары туралы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 15 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының бірінші отырысының ашылуында саяси реформалардың Үшінші пакетін ұсынды.

Мемлекет басшысының жаңа бастамалары Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі институционалды дамыту және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру тұрғысынан өте маңызды болып табылады. Атап айтқанда, Президент Қ.Тоқаев келесіні ұсынды:

  1. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету. Осы норманың арқасында саяси бәсекелестік күшейеді деп күтілуде, бұл мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді.
  2. Барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсы» деген ұғым енгізу. Бұл жазуды енгізу сайлаушылардың баламалы пікір білдірудің заңды құралы болады.
  3. Алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшу. Осылайша, Мемлекет басшысы жергілікті басқару деңгейінде сайлау үдерісін одан әрі демократияландырудың перспективаларын айқындап, өз өңірін басқарудағы халықтың рөлін арттыруды көздеуде.
  4. Онлайн-петиция институтын заң жүзінде ресімдеу. Бұл құрал ««Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын кеңейтуге және оны нақты жүзеге асыруға, шешім қабылдауға азаматтық қоғамды тартуға көмектеседі.
  5. Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдау. Бұл заң аталған институттың қызметін барлық бағыттар бойынша реттейді. Мемлекет басшысы адам құқығын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
  6. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайту. Оның аймақтық өкілдіктерін құруды қарастыру. Бұл шаралар Адам құқығы жөніндегі уәкілдің жұмысын нақты мазмұнмен және нақты өкілеттіктермен толықтырады.
  7. «Жастардың даму индексін» дамыту және енгізу. 2020 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі жастарды қолдау бойынша кешенді шараларды қабылдаған болатын. Қазіргі кезде жастар саясаты мен волонтерлік қызмет саласындағы жаңа ұлттық жобалар мен заңдар әзірленуде. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы «Жастардың даму индексі» негізінде бағаланады.
  8. Қайырымдылық қызметін ынталандыру шараларын дайындау. Үкімет қайырымдылық ұйымдарының құрылуы мен дамуының алғашқы жылдарында жеңілдетілген несиелік қаржыландыруды, сондай-ақ олардың мемлекеттік меншікті жеңілдікпен пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар шараларды әзірлейді.
  9. Қоғамдық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру. Қоғамдық бақылау туралы заңының қабылдануы Қоғамдық кеңестері мен басқа да азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік органдардың тиімділігіне сапалы бақылау жүргізу мүмкіндігін арттырады.

Осылайша, Президент Қ.Тоқаевтың жаңа бастамалары саяси реформалардың жалғасы болып табылады. Оларды іске асыру Қазақстанның адам құқығын қорғау, азаматтық қоғамды дамыту, биліктің заң шығарушы тармағын нығайту және елді одан әрі демократияландыру саласындағы ілгерілемелі прогрессті қамтамасыз етуде маңызды болып табылады.