Қазақстан «KazAID» Агенттігін құрды

Қазақстан «KazAID» Агенттігін құрды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 861 қаулысымен мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму Агенттігі» КеАҚ құрылды. Бұл агенттік ұлттық дамуға ресми көмек (бұдан әрі – ДРК) жүйесін іс жүзінде институцияландыруға және жүйелендіруге мүмкіндік беретін болады.

Бастапқы кезеңде «KazAID» Агенттігінің қызметі дүниежүзінің бірқатар ірі донор ұйымдарымен ынтымақтастық орнату арқылы өзара іс-қимылды жолға қоюға бағытталатын болады. Мұның барлығы, сайып келгенде қазақстандық тараптың ДРК саласындағы шетелдік құрылымдармен бірлескен жобаларды іске асыруға септігін тигізеді.

Бүгінгі күні Агенттік Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне Халыққа қызмет көрсету және Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарын құруды, «Электронды Үкімет» жүйесін енгізуді, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қолданыстағы сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғыртуды, бірқатар салаларда біліктілікті арттыруды көздейтін 13 ДРК жобалар тізбесін әзірледі. Бұл алдымен Орталық Азия мен Ауғанстанның дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен жөн.