Мюнхендегі Қазақстанның Бас консулдығы ү.ж. 19 наурызда Эрфурт қаласында өткен «Thüringer Außenwirtschaftstag 2025» халықаралық экономикалық форумына қатысты. Бұл Тюрингия федералдық жерінде шетелдік сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға арналған маңызды іс-шара. Осы шараны «LEG Thüringen» мекемесі ұйымдастырды.
Форум аясында халықаралық ынтымақтастық, өңірдің инвестициялық әлеуеті және Тюрингия мен шетелдік серіктестер, соның ішінде Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктері де талқыланды. Бас консулдықтың өкілдері іскерлік орта және ресми құрылымдармен кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды талқылады.
«Thüringer Außenwirtschaftstag» форумы жыл сайын саясат, бизнес және дипломатия өкілдерін біріктіретін алаң, онда тәжірибе алмасу және жаңа іскерлік байланыстар орнату мүмкіндігі ұсынылады. Қазақстанның бұл шараға қатысуы екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға және серіктестікті нығайтуға деген өзара мүддені айқындайды.