Бас консулдық 2025 жылдың 20 қазанында Эрфурт қаласындағы Сауда-өнеркәсіп палатасында (IHK Erfurt) өткен «Willkommens-Tag für ausländische Auszubildende» атты іс-шараға қатысты. Іс-шараны IHK Erfurt және FAV Service gGmbH компаниясы аймақтық кәсіпорындардың қолдауымен ұйымдастырды. Негізгі мақсат - кәсіби білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы әріптестікті нығайту.
Бағдарламаға Моңғолиядан, Қырғызстаннан, Қазақстаннан және Украинадан келген жас мамандар мен кәсіптік оқушылар қатысты. Олар Тюрингия аймағындағы кәсіпорындарда өздерінің кәсіби білімін бастауда. Бұл күн қатысушылар үшін Германияның білім беру және еңбек ортасына бейімделу жолындағы маңызды кезең болды.
Бас консулдық ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, кәсіби білім саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Іс-шара ашықтық, достық және өзара түсіністік рухында өтіп, Қазақстан, Германия және серіктес елдер арасындағы көпжақты қатынастардың табысты дамуын көрсетті.