2025 жылғы 22 қыркүйекте ҚР Мюнхен қаласындағы Бас консулдығы мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Бавариядағы өкілдігі Эрфурт қаласында (Тюрингия федералдық жері) өткен «ERFURT Bildungszentrum (EBZ) орталығына – 35 жыл» мерейтойлық шарасына қатысты.
Іс-шара бағдарламасына орталықтың білім беру жобаларын таныстыру, сондай-ақ бизнес пен кәсіби даярлау жүйесінің өзара іс-қимылы туралы пікірталастар кірді.
Форум аясында Тюрингия Министрлер кабинетінің төрағасы М.Фойгтпен, LEG Thüringen мемлекеттік экономикалық даму агенттігінің басқарма төрағасы А.Креймен, IHK Erfurt президенті П.Цайс бастаған басшылығымен, Эрфурт қаласының обер-бургомистрі А.Хорнмен, сондай-ақ цифрландыру және инфрақұрылым жөніндегі ведомство өкілдерімен кездесулер өтті.
Кәсіптік білім, өнеркәсіптік автоматтандыру, логистика және өнеркәсіпке арналған цифрлық шешімдер салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ неміс компанияларының Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қатысу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Тюрингия үкіметтік делегациясының Қазақстанға сапар ұйымдастыру ниеті атап өтілді. Бұған қоса, 2026 жылы Астанада өтетін машина жасау көрмесіне аймақтың жеке стендпен қатысу жоспары расталды.
ERFURT Bildungszentrum басшылығы Қазақстан тарапына белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, индустрия қажеттіліктерін ескере отырып, бірлескен даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламаларын жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Орталық қазақстандық компаниялармен дуалды оқыту, техникалық тренингтер және практикалық тәжірибе алмасу бағыттарында жұмысты жалғастыруды көздеп отыр.