Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы №1512 Мәскеу мектебінде болып қайтты.
Естелік рәсімі аясында ол батырдың мүсініне гүл шоқтарын қойып, мектеп мұражайының экспозициясымен танысты.
Елші өз сөзінде Әлия Молдағұлованың есімі қазақстандықтар мен ресейліктер үшін бірдей қымбат екенін атап өтті. «Биылғы жылы біз Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуын бірге атап өтудеміз, қаһарман қала Мәскеудегі оның атындағы көше, мектеп және онда орнатылған мүсіні сол кездегі батырлығы мен қазіргі ұрпақтың ризашылығының куәсі, бұл біздің ортақ тарихымыз бен бауырластық қатынастарымыздың тағы бір символы және жас ұрпақ үшін ең жақсы үлгі», - деп атап өтті Д. Абаев. Ол Мәскеу үкіметіне, №1512 мектеп басшылығы мен оқушыларына қазақ халқының даңқты қызының рухына деген құрметі үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде, №1512 мектептің директоры Елена Дегтярева оқушылар батыр қызды еске алуға аса құрметпен қарайтындығына назар аударды, мектепте оның атындағы мұражай жұмыс істейді, ол үнемі экспонаттармен толықтырылып отырады. «Жақындап келе жатқан Жеңіс мерекесі – біздің халықтарымыз үшін ортақ, ол бізді біріктіреді және бүгінгі күні батырларымыздың жанқиярлық ерлігі арқасында өмір сүріп жатқанымызды еске салады», – деп атап өтті ол.
Мектепте 40 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан бастауыш сынып мұғалімі Наталья Степанова мұражайдың арқасында оқушылар Әлия Молдағұлованың ерлігімен тәрбиеленіп, кейіннен игі және қажетті мамандықтарды таңдайтындарын, мәселен дәрігер, мұғалім, құтқарушы болатындарын айтты.
9-шы кадет сыныбының оқушысы Даниил Новиков Әлия Молдағұлова атындағы мектепте оқитыны үлкен мәртебе екенін айтып өтті. «Біздер үшін Әлия Молдағұлова үлгі тұлға. Ол кезде олар қазіргі біздің жасымыздан біраз ғана үлкен болған, бірақ Отан үшін ересектердің ерлігін жасай алған. Біз, жас ұрпақ, осындай батырларды білуге және құрметтеуге міндеттіміз», - деп атап өтті бозбала.
Жас ұрпақ үшін тарихи естелікті жеткізудің маңыздылығы туралы қазақстандық жазушы және қоғам қайраткері Бақтығали Айжігітов былай деді: «Қазақтарда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» және «Ағаш алыстаған сайын биік» деген нақыл сөздер бар. Біз ата-бабаларымыз туралы естелікті мәңгі сақтауымыз керек».
Анықтама үшін:
№1512 жалпы орта білім беретін мектеп (бұрынғы №891 және №402) 1971 жылы ашылған. 1999 жылы оқу орнына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілген.
ҚР РФ Елшілігі мектепке көптен бері қамқорлық жасап келеді. 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына орай мұнда мерген батыр қызға мүсін орнатылды. 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына орай Елшілік, Мәскеу мэриясы және Ақтөбе облысының бизнесмендерінің қолдауымен мектеп заманауи оқу-техникалық жабдықтармен – санитариялық-гигиеналық талаптарға сай мектеп жиһаздарымен, компьютерлермен, интерактивті тақталармен, заманауи оқу және ғылыми-танымал әдебиеттермен, қазақстандық авторлардың кітаптарымен, спорттық тренажерлармен жарақтандырылды. Сонымен қатар, мектепке шағын автобус сыйға тартылды.
Мектеп мұражайында Әлия Молдағұлованың қысқа өмір жолынан фотосуреттер, мұрағаттық материалдар, кітаптар жинақталған және мұқият сақталуда.
Мектеп орналасқан көше де Әлия Молдағұлованың есімімен аталады. Соғыс жылдарында мұнда Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебі болған. 1943 жылы осы мектепті бітірген 18 жасар Әлия майданға аттанып, 1944 жылы қаңтарда Псков облысында шайқаста қаза тапқан. 1944 жылы маусымда оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.