ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Краснодар өлкесінде болды

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Краснодар өлкесінде болды

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Краснодар өлкесіне жұмыс сапарымен барды.

Өңір губернаторы Вениамин Кондратьевпен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың түрлі бағыттары талқыланды.

Қазақстан мен Кубань арасында бұрыннан келе жатқан сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар бар. Өткен жылы өзара тауар айналымы 270 млн долларды құрады. Кубань кәсіпорындары Қазақстанға тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізеді. Өз кезегінде қазақстандық дихандар Кубань селекциясындағы бидай мен жүгері сорттарын өсіріп, Краснодар өндірушілерінің комбайн, трактор, құрамдас бөліктер, азық-түлік жабдықтары, қаптамалар шығаратын өнімдеріне қызығушылық танытуда.

Сондай-ақ, Д. Абаев жергілікті туристік-сауықтыру кешенінің дамуын жоғары бағалап, тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты.

Аталған тақырып Еуразияның тау курорттарының алғашқы фестивалінде талқыланды. Іс-шара «Роза Хутор» курортында өтті және Сочидегі Қысқы Олимпиаданың он жылдығына орайластырылды. Форумға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстанның Еуразиялық тау курорттары альянсына (ЕАГК) кіретін елдердің 150 – ден астам өкілдері қатысты.

2023 жылдың жазында ЕАГК құрудың бастамашылары «Шымбұлақ» (Қазақстан), «Роза Хутор» (Ресей) және «Амирсой» (Өзбекстан) тау курорттары болды. Ұйым Еуразия кеңістігінде туризмді стратегиялық дамыту, кәсіби қарым-қатынас, тау курорттарының үздік тәжірибелері мен брендтерін ілгерілету үшін платформаны қамтамасыз етуге арналған.

Д. Абаев атап өткендей, тәжірибе алмасу және Еуразия курорттарының өзара іс-қимылы қызмет көрсету сапасын, стандарттар мен қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді. «Өзара ілгерілетудің әрқашан мультипликативті әсері болады. Сондықтан біз курорттардың бірлестігін және осындай кооперациясын қолдайтын боламыз», – деп атап өтті Елші.