ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Свердлов облысында болды

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Свердлов облысында болды

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Свердлов облысына жұмыс сапарымен барды.

Облыс әкімі Евгений Куйвашевпен кездесуде ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі талқыланды. Тараптар тауар айналымының өсуіне тоқталды. 2023 жылдың соңында ол 2 миллиард долларға жетіп, 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге өсті. Свердлов облысының сыртқы сауда қызметіндегі Қазақстанның үлесі шамамен 25% құрайды. Республика аймақтағы барлық шетелдік әріптестер арасында екіжақты сауда көлемі бойынша екінші орында.

Өңіраралық байланыстар табысты дамуда. Астана мен Қарағанды облысының әкімдіктері мен Свердлов облысының Үкіметі арасында ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды, Лисаковск пен Тавда муниципалитетаралық деңгейде ынтымақтасады. 2024 жылдың басында Свердловск делегациясының Шығыс Қазақстан облысына сапары болып, өңірлер арасында бірлескен іс-шаралар жоспары дайындалуда. Сондай-ақ Свердлов және Қостанай облыстары арасындағы ынтымақтастық туралы құжатқа қол қою пысықталып жатыр.  

Өзара ықпалдастық әлеуетін арттыру үшін жақсы мүмкіндіктер бар екені айтылды. Осы тұрғыда Екатеринбургте жыл сайын өтетін «ИННОПРОМ»  көрмесі іскерлік қарым-қатынастарды дамытуда үлкен рөл атқарады. Соңғы екі жылда оның жұмысына 500-ден астам қазақстандық компания мен 2 мыңнан астам делегат қатысты. Өткен жылғы «ИННОПРОМ»  қорытындысы бойынша екі елдің іскер топтары арасында жалпы сомасы 10 миллиард рубльден асатын 20 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында келіссөздерге «KazakhExport» АҚ аймақтық директоры Александр Цыганков, қазақстандық іскер топтар мен коммерциялық компаниялардың өкілдері де қатысты.

Өткен жылы Екатеринбургте Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ашылуы екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы маңызды оқиға болды. Өкілдік Ресейдің бес облысының тұрғындарына қажетті консулдық қызмет көрсету жұмысын айтарлықтай жеңілдетті.

Қазақстандықтар арасында Свердлов облысының жоғары оқу орындары танымал. Қазір мұнда 1,5 мыңнан астам жерлесіміз білім алуда. Орал федералды университетіне сапары барысында Елші бірінші проректор Сергей Кортовпен ынтымақтастық мәселелерін талқылады, студенттерге дәріс оқыды және Екатеринбург университеттерінде қазақ қоғамының өкілдерімен кездесті.

Сапар соңында Д.Абаев Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуковтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.