Қазақстандық Ұлы Отан соғысы батырының туыстары Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде болды

Қазақстандық Ұлы Отан соғысы батырының туыстары Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде болды

Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігіне қазақстандық Ұлы Отан соғысының батыры Ордабай Жүргеновтің туыстары келді.

Ол Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы, 70-армияның 162-ші ортаазиялық атқыштар дивизиясының 224-памирлік атқыштар полкінің 1-батальонының 3-взводында қызмет еткен. 1943 жылдың 15 шілдесінде Курск маңындағы қиян-кескі шайқас кезінде лейтенант Александр Романовскийдің басшылығымен 18 адамнан тұратын взвод ерлікпен толық құрамда қаза тапты. Сарбаздардың артқа шегінуге мүмкіндігі болмады, себебі батальонның қапталдары ашылып, немістер тылдан шабуылдай алатын еді. Тапсырма орындалды. Гитлерлік бөлімшелер ұсталып, әрі қарай алға баса алмады. Келіп жеткен ұосымша күштер жауды талқандап, екі шақырымға жылжыды. Осыдан кейін халық арасында взвод жауынгерлерін "Курск панфиловшылары" деп атап кетті.

Ордабай Жүргеновтің туыстары мен взводты мәңгі есте сақтау жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшелері Елшілік мұражайымен танысып, Курск шайқасының артефактілерін мұражайға сыйға тартты және дипломаттармен бірге бөлімше жауынгерлерінің ерлігі туралы фильм көрді.

Қонақтар бұл кездесудің Курск шайқасының 78 жылдығы мен Ордабай Жүргеновтың 100 жылдығына қарсы өтіп жатқанын және сол сұрапыл соғыстың батырларын еске алудың маңыздылығын атап өтті.