Қазақстандық спортшылар ТМД елдерінің Бірінші ойындарына қатысуды жоспарлап отыр

Қазақстандық спортшылар ТМД елдерінің Бірінші ойындарына қатысуды жоспарлап отыр

Бұл туралы бүгін Ресей Федерациясының Спорт министрі Олег Матыциннің ТМД-ға мүше мемлекеттер Елшілерімен кездесуі барысында сөз болды.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев ТМД елдерінің Қазандағы алғашқы ойындарын (2021 жылғы 4-11 қыркүйек аралығында) ТМД-ның құрылғанына 30 жыл толуына орай өткізудің маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның бұл бастаманы қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар, Ермек Көшербаев 2021 жылы Қазақстанда 40-тан астам спорттық іс-шара (оның ішінде 20-дан астамы халықаралық деңгейде) өткізу жоспарланғанын еске салып, ТМД елдерін оларға белсенді қатысуға шақырды.

Ресейдің спорт министрі Олег Матыцин өз сөзінде ең басты нәтиже барлық тараптардың бетпе-бет кездесуі болғанын атап өтті және және спорттық бағдарламаларды әзірлеудегі ашық өзара әрекеттестігі үшін достық мемлекеттерге алғыс білдірді.

Жалпы, кездесуге қатысушылар былтырғы пандемиялық жағдайдан кейін, ағымдағы жылы белсенді спорттық өмір бұрынғы арнаға оралады деген үмітін білдірді. Олар бүгінгі кездесуді ТМД кеңістігінде спорт саласындағы ынтымақтастықты жандандырудың тамаша мүмкіндігі деп атады.

Осы кездесу шеңберінде университеттік және кәсіби спорт бағдарламаларын дамыту шеңберіндегі спорттық өзара әрекеттестікте екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты жалғастыру мәселелері де қаралды.

Анықтама үшін: бастапқыда ТМД елдерінің ойындары 2020 жылдың 20-27 тамызында Қазанда өткізілуі керек еді, бірақ коронавирустық пандемияға байланысты олар 2021 жылдың қыркүйегіне ауыстырылды. Іс-шараның спорттық бағдарламасы 16 спорт түрінен тұрады. Спорттық жарыстарды өткізу үшін 12 спорт нысанын іске қосу және 200-ден астам медаль жиынтығын ойнау жоспарлануда.