Ресейлік ғалым Әлихан Бөкейхановтың бюстін Елшілікке сыйға тартты

Ресейлік ғалым Әлихан Бөкейхановтың бюстін Елшілікке сыйға тартты

Бүгін Ресейдегі Қазақстан Елшілігіне РҒА Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Аманжолова келді.

Дипломаттармен кездесу барысында ол Елшіліктің мұражайына көрнекті қазақ қоғам және мемлекет қайраткері, "Алаш" партиясы көшбасшыларының бірі, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхановтың (1866-1937) бюстін сыйға тартты.

Дина Аманжолова бюстті 2011 жылы Әлихан Бөкейхановтың мерейтойына арналған конференцияда оның немересі Сырым Бөкейхановтың сыйлағанын айтты. "Ұлы отандасымыздың 155 жылдық мерейтойы қарсаңында мен бюстті Елшіліктің мұражайына беруді ұйғардым, өйткені бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи байланыстарды түсіну үшін маңызды", – деп атап өтті ғалым.

Дина Аманжолова 30 жылға жуық "Алаш" партиясының тарихын зерттеумен айналысып, бірнеше монографиялар жариялады. Бөкейханов мұрасы туралы айта келіп, ол оны тек қазақстандық қана емес, сонымен қатар еуразиялық ауқымдағы тұлға деп атады. "Ол әртүрлі қоғамдық-саяси және партиялық-саяси күштердің өкілдерімен диалог құруды және ымыраға келуді білді. Атап айтқанда, Бөкейханов Колчакпен, Дутовпен, Ленинмен, Сталинмен, яғни сол қиын саяси жағдайдағы барлық ойыншылармен келіссөздерде Қазақстанның территориялық тұтастығын (осы уақытқа дейін қалыптасқан шекарада) қорғай алды", – деп еске алды Аманжолова.