
Екатеринбургтегі Халықаралық жастар фестиваліне қатысу аясында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев екі интерактивті сессияда сөз сөйледі. «Көпполярлы әлемдегі көшбасшылық: халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасында елдің позициясын не айқындайды» интерактивті сессиясы барысында Елші үлкен Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан үшін бірнеше нәрсе маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Біріншісі – ішкі тұрақтылық. Сондықтан біз адами капиталды, технологияларды, инфрақұрылым мен логистиканы дамытып жатырмыз. Екіншісі – біз елдер мен құрлықтарды байланыстыра білуіміз, өзара іс-қимыл кеңістігін құруымыз қажет. Үшіншісі – сенім. Қазақстан әрқашан өз сөзін ұстанатын адал, тең құқылы серіктес болуға тиіс», – деді Д. Абаев. Ол бүгінгі таңда жаһандық қауіпсіздік архитектурасының ауқымды трансформациялануы жағдайында Президент Қ.Тоқаевтың «орта державалардың» әлемдік саясаттағы рөліне тұжырымдамалық көзқарасы ерекше маңызға ие екенін еске салды.
Өз кезегінде РФ СІМ ресми өкілі Мария Захарова Қазақстанның халықаралық аренадағы маңыздылығын атап өтті. Оның бағалауынша, Республиканың әлеуеті «орта держава» шеңберінен асып түседі. «Қазақстан әлемге және біздің Еуразия құрлығына орасан зор үлес қосты, соның бірі – өркениетаралық үлес. Дәл осы Қазақстанда мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогына байланысты түрлі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары басталған болатын. Бұл серпінді оқиға болды. Біз әріптестерімізді мақтан тұттық және осы идеяларды насихаттау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық», – деді М. Захарова.
«Болашақ дағдылары: галстуксіз диалог» сессиясы барысында Елші қоршаған ортаға қарағанда тезірек өзгере білу қабілетін болашақтың басты дағдысы деп атады. «Біріншісі – қайта үйрену қабілеті. Екінші қабілет – дұрыс сұрақтар қоя білу. Үшіншісі – келісе алу, өзгені ести білу қабілеті», – деп Д.Абаев өз ойын түсіндірді. Оның айтуынша, болашақ адамына өз бағытын жоғалтпай, белгісіздік жағдайында өмір сүру қабілеті қажет болады, ал бұл эмоционалды жетілуді, өзін-өзі тәрбиелеуді және зейінді шоғырландыра білуді талап етеді. Елші қазіргі жастардың осыны үйренуге және біздің ортақ болашағымызды айқындайтын басқа да көп дағдылар мен қабілеттерді меңгеруге толық мүмкіндігі бар екеніне сенім білдірді. «Болашақ көшбасшыларға айтар кеңесім – ең алдымен, жақсы адам, өз ісінің кәсіби маманы болыңыздар және әлеуметтік капиталыңызды үнемі арттырып отырыңыздар», – деді Д.Абаев жастарға арнаған сөзінде.
Анықтамалық ақпарат:
Халықаралық жастар фестивалі Екатеринбургте 11-17 қыркүйек аралығында өтеді. Оған әлемнің 191 елінен 14 пен 35 жас аралығындағы 10 мың адам қатысуда. Олардың қатарында 200 қазақстандық бар.
Панельдік сессиялар мен пікірталастардың негізгі тақырыптары: ғылым және білім, цифрландыру және IT, кәсіпкерлік, креативті индустриялар, мемлекеттік басқару, медиа, азаматтық белсенділік, спорт.