
Мәскеудегі «Каро 11 Октябрь» кинотеатрында қазақстандық «Алаяқтар» («Мошенники») өткір әлеуметтік криминалдық драмасының көрсетілімі өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев, шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері, белгілі мәдениет қайраткерлері, продюсерлер, режиссерлер, актерлер, блогерлер қатысты.
Соңғы жылдары қазақ киносы табысты дамып келеді, көптеген қызықты және өзекті фильмдер экранға шықты. Бұл фильмдер Ресейде де үлкен танымалдылыққа ие, соның арқасында аудитория Қазақстан туралы, бүгінгі таңда қазақ қоғамын не мазалайтыны және қазақстандықтардың не ойлайтыны туралы көбірек әрі жақсырақ біле түсуде. Бұл екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосылған тағы бір үлес болып табылады.
Көрсетілім қорытындысы бойынша «Алаяқтар» (Мошенники) фильмі оң пікірлерге ие болды. Көрермендерді тартысты сюжет пен мәселенің өзектілігі тәнті етті. Белгілі болғандай, бұл туынды қылмыстық схемалар, қаржы пирамидалары, жасырын колл-орталықтар туралы танымал сериалдың жалғасы болып табылады және қазіргі заманғы цифрлық алаяқтықтың ішкі қыр-сырын ашады.
Сценарист, продюсер және басты рөлді сомдаушы Рүстем Омаров фильм идеясы жеке тәжірибесінен туындағанын айтты, алаяқтар оның анасын алдауға тырысқан. «Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, Ресей мен бүкіл посткеңестік кеңістік үшін де өте өткір мәселе. Алаяқтар - мықты психологтар, олар үнемі жаңа схемаларды ойлап табады, сондықтан біздің міндетіміз қырағы болу және олардың айла-амалдарына алданбау», - деп өз ойымен бөлісті ол.
Өз кезегінде режиссер Олжас Нұрбай бұл фильмді, ең алдымен, 50+ жастағы аға буын өкілдері көруі керек деп санайды, өйткені олар алған тәрбиесі мен тым сенгіштігінен осындай қылмыстардың негізгі құрбаны болып жатады. Қазақстандық киноның Ресейдегі танымалдылығы туралы айта келе, ол басты фактор ретінде оның өмірлік маңыздылығын, шынайылығын, өзектілігін және Ресей қоғамын да толғандыратын мәселелерді ашып көрсететінін атап өтті.
Көрсетілімді тамашалаған белгілі ресейлік суретші Никас Сафронов қазақстандық кинематографияға жоғары баға берді. Оның айтуынша, қазақстандықтар ең үздік жетістіктері мен озық шетелдік тәжірибені пайдалана отырып, тамаша туынды шығара білген.