
Санкт-Петербургте үшінші Қазақстан-Ресей медиафорумы өтті.
Іс-шараға ҚР мен РФ Президенті Әкімшіліктерінің, ҚР мен РФ СІМ, ҚР МАМ, РФ Цифрлық даму министрлігінің өкілдері, екі елдің жетекші БАҚ пен медиахолдингтерінің басшылары, сарапшылары мен журналистері қатысты.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде қазіргі заманның басты стратегиялық ресурсы ақпараттан бұрын, сенім екенін атап өтті. «Мемлекетаралық қатынастардың орнықтылығы қалыптасқан пайымдардан да басымырақ дәрежеде дәл осы сенім факторымен айқындалады. Оны халықаралық шартпен бекіту немесе статистикамен өлшеу мүмкін емес. Ол тілде, мәдениетте, білімде және, әрине, медиа кеңістікте туындайды. Қазіргі бұқаралық коммуникация құралдарын қоғамдық сенімді қалыптастыру институты деп айтуға болады. Бұл Қазақстан-Ресей қатынастары үшін өте өзекті. Бізді екі халықтың тарихи тағдырындағы ортақ әрі маңызды кезеңдер, көпжылдық мәдени алмасу, ғылыми өзара іс-қимыл, білім беру саласындағы байланыстар мен тұрақты қоғамдық диалог нәтижесінде қалыптасқан ортақ гуманитарлық кеңістік байланыстырады», - деп атап өтті Елші.
Ол қазіргі медианың міндеті тек ақпарат тарату ғана емес, сонымен бірге қоғамның жауапты диалог жүргізу қабілетін сақтау екенін атап өтті. «Қазақстан мен Ресей үшін бұл екіжақты қатынастардың тұрақтылығы көбіне ортақ когнитивті инфрақұрылымның: университеттердің, ғылыми орталықтардың, мәдениет институттарының, баспа жобаларының, кәсіби журналистика мен қоғамдық пікірталас алаңдарының сапасына байланысты екенін білдіреді. Сондықтан бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары туралы әңгіме - бұл шын мәнінде қоғамның болашағы туралы әңгіме», - деді Д.Абаев.
Медиафорумның басты тақырыптары жасанды интеллект және фейк жаңалықтар дәуіріндегі журналистика, екі ел диалогын нығайтудағы БАҚ-тың рөлі, медиа саласының кадрлық әлеуеті болды. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарлары талқыланып, БАҚ-ты дамыту перспективалары, жаңа цифрлық технологияларды енгізу және ақпараттық диверсияларға, фейктер мен арандатушылықтарға қарсы іс-қимыл мәселелері төңірегінде сындарлы пікір алмасулар өтті.
Медиафорум аясында «Ғарышты бағындыру Ресей және Қазақстан фотографтарының көзімен» атты фотокөрме ашылды. Экспозицияға енген суреттердің басым бөлігі Байқоңырда түсірілген. Өткен жылы космодром өзінің 70 жылдығын атап өтсе, биыл Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 65 жыл және тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ұшқанына 35 жыл толады. Сондай-ақ, биыл «Бәйтерек» ғарыш кешенінен «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы сәтті ұшырылды.
Анықтама үшін:
Алдыңғы Қазақстан-Ресей медиафорумдары 2024 және 2025 жылдары сәйкесінше Мәскеу және Алматы қалаларында өткен. Биылғы форум, сонымен қатар, Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Абылай ханның 315 жылдығына орайластырылған.