
Мәскеуде Қазақстан Елшілігінде 4 маусымда атап өтілетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
ҚР РФ Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы әсіресе, біздің отандастарымыз елден жырақ жүргенде көк туымыз бен елтаңбаны көргенде немесе «Менің Қазақстаным» әнұранын шырқағанда мақтаныш пен қатыстылық сезіміне бөленген сәттерде ерекше айқын көрінетінін айтты.
«Әділ Қазақстанды құру бағытын іске асыру шеңберінде Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау қоғамда болып жатқан және оны одан әрі демократияландыруға бағытталған терең өзгерістердің көрінісі болды. Негізгі Заң елдің орнықты дамуы үшін берік негіз құрайды, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін нығайтады және конституциялық құқықтың қазіргі халықаралық стандарттарына сәйкес келеді», – деп атап өтті Елші.
Тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров іс-шараның құрметті қонағы болды. Ол қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, мемлекеттің осындай әдемі рәміздеріне сай болуын тіледі. «Егер мемлекеттің символикасы әдемі болса, демек халықтың жаны әдемі. Сондықтан, оны одан әрі дамытып, мемлекетімізді биік шыңдарға көтерсін!» - деді өз сөзінде Тоқтар Әубәкіров.
Іс-шарада П.П. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының және Гнесин атындағы музыкалық училищенің қазақстандық студенттерінің ҚР Мемлекеттік әнұранын орындауы кездесуге ерекше әсер берді.
Іс-шараның соңында Елшілік мұражайына ҚР жаңа Конституциясының кітап нұсқасы қойылды.
Анықтама үшін:
ҚР Мемлекеттік рәміздер күні 2007 жылы бекітілді. 4 маусым күнінің таңдалуы кездейсоқ емес. Дәл осы күні 1992 жылы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жарты жыл өткенде, кез келген мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін айшықтайтын ажырамас атрибуттары – мемлекетіміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ресми түрде бекітілді.