Ақтөбе хоры Мәскеудегі Пасха фестивалінде сәтті өнер көрсетті

Ақтөбе хоры Мәскеудегі Пасха фестивалінде сәтті өнер көрсетті

Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хоры (көркемдік жетекшісі және дирижері - Мербол Құспанов) XXV мерейтойлық Мәскеу Пасха фестиваліне қатысты.

Қойылымдар Ғылыми-практикалық оңалту орталығында, П.И.Чайковский атындағы концерт залында, Мәскеу облысының Кашир қаласындағы «Ожерелье» мәдениет үйінде жоғары деңгейде өтті.

Іс-шараның шарықтау шегі, ерекше эмоциялық сәті Үлкен театрдың жаңа сахнасында Солтүстік орыс халық хорымен бірлескен концерт болды. Бұл алаң алғаш рет фестивальдің хор бағдарламасының ұжымдарын қабылдады.

Көрермендер репертуарына танымал халық әндері, қазақ және шетел авторларының шығармалары енген ақтөбеліктердің қойылымдарын жылы шыраймен қарсы алды.

Мәскеулік Пасха фестивалі - жыл сайын жүздеген мың тыңдаушыларды жинайтын Ресейдегі ең үлкен музыкалық форум. Ширек ғасырда ол мәдени өмірдегі ірі және көпшілік асыға күтетін іс-шаралардың біріне айналды. Бұл жыл сайынғы музыка мерекесі ғана емес, сонымен қатар халықаралық мәдени диалог үшін бірегей алаң.

Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының камералық хоры -Қазақстанның жетекші хор ұжымдарының бірі. Ұжымның репертуары үнемі қазақ және шетелдік композиторлардың жаңа туындыларымен толықтырылып отырады.