Мәскеуде қазақстандық Отан қорғаушылар күні атап өтілді

Мәскеуде қазақстандық Отан қорғаушылар күні атап өтілді

ХШЖК-нің қазақстандық павильонында Республикада 7 мамырда атап өтілетін Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік іс-шара өтті.

ҚР РФ Елшілігі ұйымдастырған кездесудің қонақтары РФ Қорғаныс министрлігінің, ТМД-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесі хатшылығының, ҰҚШҰ-ның, Рособоронэкспорттың, Мәскеуде аккредиттелген шетелдік әскери-дипломатиялық корпустың өкілдері болды.

Өз сөзінде Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев отыз бес жыл мерзімде Қазақстан армиясы қалыптасу, нығаю және жаңғырудың әртүрлі кезеңдерінен өткенін атап өтті. «Бүгінде дипломаттармен қатар біздің армия диалог, ынтымақтастық және бейбіт қатар өмір сүру идеяларының жетекшісі болып табылады. Бұны, соның ішінде, біздің әскери қызметшілеріміздің жаһандық қауіпсіздікке өз үлесін қосып отырған БҰҰ-ның халықаралық бітімгершілік миссияларына қатысуы да растайды. Мұндай миссиялардың географиясы әлемдегі ең шиеленісті аймақтарды қамтиды», - деп атап өтті Елші.

ҚР РФ-тағы Қорғаныс министрлігінің Қорғаныс мәселелері бойынша атташесі, генерал-лейтенант Талғат Қойбақов атап өтіліп жатқан мерекені батылдықтың, айбындықтың және әскери борышқа адалдықтың терең мағыналы символы, ата-баба дәстүрлерімен ажырамас байланыстың және қазіргі ұрпақтың мемлекеттің өркендеуі мен тәуелсіздігін қорғауға дайындығының көрінісі деп атады. Өз сөзінде ол ҚР Қарулы Күштерінің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына тоқтады және қонақтарға сындарлы қарым-қатынас пен қолдаулары үшін алғысын білдірді. «Әскери дипломатия - бұл бір-бірімізді ести білуге және ортақ өңірімізде бейбітшілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көпір», - деп атап өтті Т.Қойбақов.

РФ Қорғаныс министрлігінің Халықаралық әскери ынтымақтастық бас басқармасы бастығының орынбасары, генерал-майор Виктор Шевцов қай кезде де Отанды қорғау өз мемлекетінің әрбір азаматының құрметті міндеті және қасиетті парызы болғанын, Отан қорғаушылар әрқашан халықтың мақтанышы және өмірлік мүдделерін қорғаудағы басты үміті болғанын айта кетті. «Қазақстан әрқашан біздің мейірімді көршіміз, адал одақтасымыз және сенімді серіктесіміз болған және солай болып қала береді», - деп атап өтті В.Шевцов және қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Іс-шара барысында қонақтарға ҚР Қарулы Күштері туралы бейнеролик көрсетілді.

ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерінің орындауындағы танымал әскери-патриоттық әндер мен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының камералық хорының өнері кештің әсерін арттырды.