
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде болып қайтты.
ЖОО ректоры Виктор Садовничиймен кездесу барысында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Көптеген жылдар бойы ММУ Қазақстан үшін де жоғары білікті кадрларды дайындап келедіжәне екі мемлекет арасындағы тату көршілік және достық қарым-қатынастардың дамуына елеулі үлес қосуда.
Мәселен, бүгінде Мәскеудегі университет қалашығында тұрып, 130-дан астамқазақстандық студент білім алуда. Ал ширек ғасыр бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан ММУ-дың Қазақстандағы филиалы көптеген талапкерлерге елден шықпай-ақ білім алуға мүмкіндік беруде. Қазіргі уақытта онда 720-ға жуық адам күндізгі бөлімде оқиды. Бұл университеттің бірегейлігінің, сұранысқа ие екендігінің және білім беру әлеуетінің дәлелі.
Тараптар белсенді ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Бірлескен жобалар мен зерттеулер екі елдің игілігі үшін нақты секторларда өздерінің практикалық қолданысын табатынына сенім білдірілді.
Студенттер алдындағы дәріс барысында Елші Қазақстанның қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол 2026 жылғы жаңа Конституцияны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың институционалдық реформаларының қисынды жалғасы деп атады. «Оның негізгі идеясы – мемлекеттіліктің неғұрлым тұрақты, үйлестірілген және бейімделген моделін қалыптастыру. Бұл болашақтың стратегиялық жобасы және оны дәйекті іске асыру Қазақстанның ХХІ ғасырдың сын-тегеуріндеріне сәтті төтеп беріп, ұзақ мерзімді перспективада өзінің мемлекеттілігін нығайтуына бағытталған», - деп атап өтті Д.Абаев.
Дәріс жанды, интерактивті сипатта өтті. Баяндама барысында Елші аудиторияның көптеген сұрақтарына жауап берді.