
Мәскеу мектептері Қазақстанның бай тарихымен, мәдениетімен таныстыратын кітаптарды ҚР РФ Елшілігінің қорынан сыйға алды.
Акция Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне (23 сәуір) және алдағы Жеңіс күніне арналып ұйымдастырылды.
Басылымдар Кеңес Одағы Батырларының, оның ішінде қазақстандықтардың есімдері берілген: №1912 Бауыржан Момышұлы атындағы, №1512 Әлия Молдағұлова атындағы, №1284 Наталья Ковшова атындағы, сондай-ақ №1571 мектепке берілді.
Сыйға тартылған әдебиеттер тізіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» атты кітабы, Әсет Ақкөзиновтың «Плечом к плечу» кітабы (Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі туралы), Абай, Шәкәрім, Бауыржан Момышұлының шығармалары, Шоқан Уәлиханов пен Олжас Сүлейменов туралы зерттеу еңбектері, қазақ поэзиясының антологиясы, қазақ халық ертегілерінің жинағы, қазақ асханасы тағамдарының рецептері, қазақ мерекелерінің анықтамалығы және т.б. кірді. Олардың кейбіреулері алғаш рет орыс тіліне аударылған.
Бауыржан Момышұлы атындағы №1912 мектепке кітаптардан басқа оның мұрағаттық фотосуреті табыс етілді. ҚР РФ Елшісі Дәурен Абаев атап өткендей, аты аңызға айналған отандасымыздың есімі Қазақстан үшін ерекше маңызға ие, оның есімінің көптеген балаларға берілуі кездейсоқ емес, ол қаһармандықтың, батылдықтың, ерліктің символы. Елші қазақ батыры туралы естеліктің сақталғанына ризашылығын білдіріп, өскелең ұрпақты ата-бабаларының ерлігін құрметтеу рухында тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде мектеп директоры Андрей Курсаков бағалы сыйлықтар үшін алғысын білдіріп, кітаптар медиатекаға берілетінін, онда оқу залында балалар олармен таныса алатынын айтты. Сондай-ақ, ол мектептегі Бауыржан Момышұлы мұражайында жоспарланған оған ашық онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, цифрландыру және заманауи технологияларды ескере отырып, экспозицияны толықтыру және жаңарту жұмыстары туралы айтып берді.
Елшімен кездесу барысында мектеп оқушылары Б. Момышұлы туралы әңгімелеп, оның жауынгерлік өмірбаянындағы көпшілікке беймәлім деректермен бөлісті. Олардың айтуынша, ол жауынгерлік талантын тіпті жауға да мойындатқан көрнекті әскери және қоғам қайраткері болған.
Батыр қыз Әлия Молдағұлова атындағы №1512 мектепте оқушылар оны бір минут үнсіздікпен еске алып, әйгілі «Әлия» композициясын қазақ тілінде орындады. ҚР РФ Елшілігінің дипломаттарымен кездесу барысында олар сыйға тартылған кітаптар үшін ризашылықтарын білдірді, жақындап келе жатқан Жеңіс күні халықтарымызға ортақ мереке екенін атап өтіп, жарқын болашақ сыйлаған батыр бабаларымызды еске алды.
Өз кезегінде, Кеңес Одағының Батыры Наталья Ковшова атындағы №1284 мектеп оқушылары, оның ішінде 20-дан астам оқушы Қазақстан азаматтары, қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқыды. ҚР РФ Елшілігінің делегациясы мектеп мұражайының экспозициясымен танысып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқандарды еске алды.
Анықтама үшін:
Бауыржан Момышұлының есімі Мәскеудің Зеленоград округінің №1912 мектебіне 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығы мен Батырдың 100 жылдығын мерекелеу аясында ҚР РФ Елшілігінің қолдаухаты бойынша берілді. Бұл мектепті таңдау 1941 жылы Мәскеуді қорғау кезінде Крюково ауылы маңында қанды шайқастар болғандығымен байланысты, онда құрамында Бауыржан Момышұлы соғысқан Панфилов дивизиясының жауынгерлері өшпес ерлік жасаған. ҚР РФ Елшілігінің көмегімен мектепте Б.Момышұлы атындағы мұражай құрылған, мұнда оның қола бюсті орнатылған.
№1512 мектеп (бұрынғы №891 және №402) 1999 жылдан бастап Әлия Молдағұлова есімімен аталады. ҚР РФ Елшілігінің көмегімен мұнда батыр қыздың бюсті орнатылып, оның мұражайы құрылған, ал мектептің өзі заманауи оқу-техникалық жабдықтармен жабдықталған. Мектеп орналасқан көше де Әлия Молдағұлованың есімімен аталады. Соғыс жылдарында мұнда Орталық әйелдер мергендер мектебі жұмыс істеген. 1943 жылы осы мектепті бітірген 18 жасар Әлия майданға аттанып, 1944 жылы қаңтарда Псков облысында ерлікпен қаза тапқан.
Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ЮНЕСКО-ның шешімімен құрылған және 1996 жылдан бастап жыл сайын 23 сәуірде атап өтіледі. Оның мақсаты – баспа ісін, кітап оқуды, таратуды насихаттау және адамдардың білім алуына, әлемдік мәдени дәстүрлерді тереңірек түсінуіне ықпал ету.