
Қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына орай Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі (ХШЖК) қазақстандық павильонда оның бюсті орнатылды.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев бұл оқиғаны оның халықтарымыздың ортақ тарихына қосқан үлесіне құрмет деп атады. «Бөкейханов Ресей империясы Мемлекеттік Думасының жұмысына қатыса отырып, қазақтар мен басқа да байырғы халықтардың мүдделерін қорғады. Ол көпұлтты бірлік пен прогреске сенді және оның мұрасы бүгінгі күнде елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік қағидаттарында көрініс табуда», – деп атап өтіп, Елші бюстті орнатудың бастамашысы қазақстандық кәсіпкер Жанболат Надыровқа және барлық осы игі іске үлес қосқандарға алғысын білдірді.
Өз тарапынан Жанболат Надыров Әлихан Бөкейхановты өмірі мен қызметі үлгі болып табылатын қазақ халқының жарқын өкілі деп атап, мұндай адамдарға ескерткіштер орнату қажет деп санайтынын айтты. Оның айтуынша, енді Мәскеуге келуші қазақстандық қонақтар ХШЖК-ға барып, атақты жерлесімізге өз құрметтерін білдіре алады.
Оны ХШЖК қазақстандық павильонының басшысы Тамара Бабакова қолдады. Ол бұл павильонға келушілердің көп екенін атап өтіп, Бөкейхановтың бюсті өткен, қазіргі және болашақ кезең арасындағы байланыстың символына айналатынына үміт білдірді.
Бөкейхановтың немере інісі, профессор Нұрым Бөкейханов атақты туысының өмірі үзілмегенде, оның халық үшін жасары көп болғанын өкінішпен атап өтті. «Оның бастамасымен Абайдың барлық өлеңдері жинақталды. Ол тұңғыш абайтанушы болды, көрнекті ақын мен философтың мұрасын халыққа жеткізді», – деді Нұрым Бөкейханов.
1920-1930 жылдары Әлихан Бөкейханов Мәскеуде тұрып, ғылыми және әдеби қызметпен айналысқан. 1937 жылы ол қуғын-сүргінге ұшырап, атылды, 1989 жылы қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты ақталды. Әлихан Бөкейханов Мәскеудегі Дон зиратында ортақ қабірге жерленген.