
Мәскеуде Ресей академиялық жастар театрының (РАМТ) сахнасында Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының (Алматы қ.) гастрольдері өтуде.
Көрсетілімдер үшін таңдалған алаң кездейсоқ емес. 1921 жылы көрнекті театр режиссері Наталия Сац балаларға арналған Мәскеу театрын - болашақ РАМТ құрды. Ал 1945 жылы ол балалар мен жасөспірімдерге арналған алғашқы қазақстандық театрды ашты.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев атап өткендей, бұл феномен біздің ортақ тарихи тағдырымыздағы ең ауыр сынақ кезеңінде алып шығармашылық күштердің КСРО-ның еуропалық бөлігінен Қазақстанға амалсыздан эвакуациялауынан туған және кейіннен ол бүкіл Орталық Азия өңірінің креативті кеңістігінің нағыз інжу-маржанына айналды.
Мәскеу көрермендерінің тамашалауына ұсынылған «Сац» тарихи оқиғаны жаңғырту қойылымының негізіне дәл осы 1945 жылы Алматыда театрдың ашылуына байланысты оқиға алынған. Сахнада Евгений Шварцтың «Қызыл телпек» ертегісінің репетициясы көрінісі. Наталия Сац актерлерді премьераға дайындауда. Сол кездегі жағдай суреттелген. Вера Марецкая, Всеволод Мейерхольд, Евгений Вахтангов, Сергей Эйзенштейн, Николай Черкасов, сондай-ақ көрнекті қазақ опера әншісі Күләш Байсейітова және жас әртіс Юрий Померанцев сияқты өткеннің ұлы шығармашылық қайраткерлерінің образдары сомдалған.
Режиссер Галина Пьянова спектакльді Наталия Сацқа, бәрімізді біріктіретін театр өнері мен театрға деген сүйіспеншіліктің көрінісі деп атады. «Актерлердің өздері сомдап шыққан ұлы тұлғалармен ұқсастығы болмаса да, олар өздерінің темпераментімен, жалынымен және шынайылығымен кейіпкерлерінің бейнелерін сәтті алып шықты», - деді ол.
Наталия Сацтың рөлін орындаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Костюченко мұндай аңызға айналған тұлғаны сомдау оңай емес екенін мойындады. «Онда соншама қайраттылық пен өз ісіне деген орасан зор сенім болған. Маған оның: «тәрбиелеу – бұл адамның тағдырын шешу» деген сөзі үлкен әсер қалдырды. Наталия Сац Қазақстанда бірнеше ұрпақты өнерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеген адам», - деп атап өтті актриса.
Онымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың директоры Олег Гостев келісті. «Біздің театр - бүкіл қазақстандық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Біздің спектакльдерге жас буын өкілдерінен бастап қарияларға дейін, бүкіл отбасыларымен келеді», - дей келе, ол халықтар арасындағы достықты нығайту ісінде осындай мәдени алмасулардың маңыздылығын атап өтті.
Қойылымды Мәскеу көрермені жылы қабылдады. Көрермендерге батыл шығармашылық эксперимент пен өткен дәуірдің өнер шеберлеріне деген үлкен құрметпен сахналанған тарихи оқиғалардың өзіндік интерпретациясы қатты ұнады. Көптеген көрермендер режиссураның, актерлік ойынның, материалдың ұсынылуының, спектакльдің музыкалық, хореографиялық және костюмдік безендірілуінің жоғары деңгейін атап өтті.
Алматы театрының гастрольдері 18 қазанда жалғасты. Ресей академиялық жастар театрының сахнасында Александр Пушкиннің поэмасы бойынша аттас «Руслан мен Людмила» романтикалық туындысының көрсетілімі өтті. Жақсылық пен зұлымдық арасындағы күрес туралы бұл әдемі махаббат хикаясы жасына және ұлтына қарамастан, барлық көрерменге қызықты және өзекті.