ҚР РФ Елшісі Д.Абаев «Сколково» технопаркінде болып қайтты

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев «Сколково» технопаркінде болып қайтты

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев «Сколково» технопаркінде болып, оның инфрақұрылымымен және зертханаларымен танысты.

Бүгінгі таңда бұл алаң ресейлік және шетелдік стартаптар үшін ең заманауи қызметтерді ұсынады. Ғылыми қалашық өкілдерімен кездесулер барысында инновациялық жобаларды қолдау және дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Қазақстанның «Сколковомен» өзара іс-қимылы екіжақты форматта да, сондай-ақ, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған инновациялық ынтымақтастығының мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру шеңберінде де жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстанда технопарктің 30-дан астам қатысушысы білім беру, медицина және ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істей бастады.

Елші атап өткендей, инновациялық жобаларды іске асыру әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе Қазақстанда басымдыққа ие. Оның айтуынша, жақсы идеялар мен талантты адамдарды қолдап, компанияларды дамыту қажет, бұл, сайып келгенде, экономикалық тұрғыдан да, қызықты және пайдалы бастамалар тұрғысынан да елеулі нәтиже береді.

Сколково ғылым және технологиялар институтын (Сколтех) аралау барысында жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласында кадрлар даярлауға қызығушылық білдірілді. Д.Абаев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында қойылған экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі міндет аясында Қазақстан үшін осындай мамандардың маңыздылығын атап өтті.

Соңында Елші Халықаралық медициналық кластер инфрақұрылымымен танысты. Сколководағы «Хадасса Медикал» халықаралық клиникасының алаңында заманауи жабдықтар мен емдеудің озық технологиялары ұсынылды. Бұдан кейін тараптар ынтымақтастық және медициналық туризмді дамыту перспективаларын талқылады.