Мәскеуде ҚР РФ Елшілігінде «Шоқан Уәлиханов: Қазақстан мен Ресейдің ортақ мұрасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара көрнекті қазақ ғалымы және саяхатшысының 190 жылдығына арналды. Кездесуге офлайн және онлайн форматта екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, парламент мүшелері, дипломаттары, ғалымдары қатысты.
Дөңгелек үстелді аша отырып, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Ш. Уәлихановтың өмір жолы қысқа болғанымен, ол өзінің артынан көпшіліктің бірнеше өмірі жетпейтіндей мұра қалдырғанын атап өтті. «Қазақстанның Ресейдегі Елшісі ретінде мен оның Қазақстан-Ресей достығы контекстіндегі маңыздылығын атап өткім келеді. Қазақ хандарының тікелей ұрпағы болған Уәлиханов кейіннен тамаша ресейлік дипломат және офицер, ғалым және ойшыл, Орыс императорлық географиялық қоғамының белсенді мүшесі болды. Оның есімі екі халықтың, олардың өткені мен болашағының арасындағы рухани көпірдің символына айналды», - деп атап өтті Д.Абаев.
Өз тарапынан, Мемлекеттік Думаның депутаты, «Единая Россия» фракциясы басшысының орынбасары, Қазақстанмен достық тобының үйлестірушісі Виктор Селиверстов Уәлихановтың 21 жасында Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайлануын таңғаларлық деп атады. «Осындай қысқа өмір кезеңінде ол бірнеше маңызды экспедицияларға қатысып, көптеген ғылыми еңбектер шығарды, үлкен ағартушылық жұмыстар жүргізді», – деп баяндады депутат. Ол ғалымның 200 жылдығына дейінгі қалған мерзімде оның мұрасын тереңірек зерттеуге және оның өмірі мен қызметі туралы маңызды зерттеу еңбектерін дайындауға шақырды.
Оның әріптесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР және РФ тарихшыларының бірлескен жұмыс тобының тең төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл қазақ зиялыларының өкілдері, «Алаш» қозғалысының қайраткерлері Уәлиханов идеяларының ықпалымен өскенін атап өтті. «Сондықтан, Уәлихановты, сонымен қатар Абай Құнанбаевты және Ыбырай Алтынсаринді қазақ азаматтық ұлтының негізін қалаушылар деп атауға болады», – деп түйіндеді парламентарий.
РФ СІМ ТМД 3-ші департаментінің директоры Александр Стерник Уәлихановты маңызды геосаяси үрдістердің эпицентрінде бірегей тарихи сәтте өзін керемет көрсете білген бірегей тұлға деп санайды. Дипломаттың пікірінше, Уәлихановтың қызмет жолы - өткір сюжетті фильм үшін дайын сценарий.
Ал ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Әлім Қирабаев Уәлихановтың Ұлы дала халықтары мен Ресей арасындағы әлеуметтік және дипломатиялық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. «Оның Достоевскиймен достығы ХІХ ғасырдағы қазақ және орыс қоғамдарының зияткерлік элиталарының рухани жақындығының символына айналды. Уәлиханов Ресейде ғана емес, сонымен қатар Еуропада да жоғары бағаланған үлкен ғылыми мұра қалдырды, ол әлемдік шығыстануға зор ғылыми үлес қосты», - деп атап өтті дипломат.
Россотрудничество басшысы Евгений Примаков Уәлихановты қазіргі қазақтардың ғана емес, Ресейдің де өзін-өзі тануы үшін маңызды шамшырақ деп атады. «Біз үшін Ресейде ол туралы естелік маңызды. Біздің екі басты қыран Шығысқа да, Батысқа да қарайды. Ал Уәлиханов осы үйлесімділік пен тұтастықтың бірлесуінің символы», - деп көрнекті түрде сипаттады ведомство басшысы.
«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров Уәлихановты Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықтың жарқын үлгісі деп санайды: оның мұрасы өзектілігін жоғалтқан жоқ, ал ғылыми идеялары мен гуманитарлық көзқарастары Еуразия халықтарының мәдениеті мен өзара түсіністігін жақындастыру ісіне қызмет етуді жалғастыруда.
Онымен М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы филиалының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жарас Ермекбай келісті. Оның айтуынша, Уәлиханов екі халық арасындағы байланыстырушы буын болды, ал оның мұрасы – екі елдің ғана емес, сонымен қатар дүниежүзілік тарихтың үлкен қазынасы мен байлығы.
М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың Азия және Африка елдері институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жібек Сыздықова да Уәлиханов тек Қазақстан мен Ресейге ғана емес, бүкіл адамзатқа тиесілі деп санайтынын жеткізді.
Омбы мемлекеттік медицина университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Юрий Сорокин Уәлихановты біртуар ұлы тұлға деп санайды. «Офицерлік эполеттермен қазақ жігіт Ресей империясының сыртқы саясатының қалыптасуына қатысты», – деп Уәлихановтың қызметін сипаттады ғалым.
РХШжМҚА-ның Басқару және өңірлік даму институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Семед Семедовтың пікірінше, қазақ элитасының өкілін дипломатиялық жұмысқа тарту фактісі Ресей империясын мекендеген халықтармен жақындасу жолының өзіндік әдісі болған.
Ал Қазақстан Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаевтың пікірінше, Уәлихановтың Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайлануы оның зерттеу жетістіктерін мойындау болып табылады.
РҒА Шығыстану институтының Шығыс тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Қадырбаев дөңгелек үстел қатысушыларын Уәлихановтың барлау саласындағы қызметімен таныстырды. «Оның Қашқарға жасаған экспедициясы туралы баяндаманың құнды болғаны соншалық, ол туралы Санкт-Петербургке баяндалды. Онда оны император Александр II өзі қабылдады. Нәтижесінде Уәлиханов бастапқыда жоспарланған Әулие Анна орденінің орнына одан жоғары Әулие Владимир орденімен марапатталды», - деп дерекпен бөлісті А. Қадырбаев.
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов Уәлихановтың ғылыми мұрасын сақтау және насихаттау жөніндегі жұмыс туралы баяндады.
Өз кезегінде оның әріптесі, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Өтениязов көрнекті отандасымыздың ғылыми еңбектерін белсенді зерттеуге шақырды.
П.П. Семенов-Тянь-Шанский мұражай-үйінің аға ғылыми қызметкері, Орыс географиялық қоғамының Липецк облыстық филиалы кеңесінің мүшесі Александр Богданов Уәлихановтың басқа көрнекті саяхатшы – Петр Семенов-Тянь-Шанскиймен достығы туралы әңгімеледі. Соңғысы қазақ әріптесінің өмір жолына үлкен ықпалын тигізген. Атап айтқанда, жоғарыда аталған Қашқарға экстремалды сапарға Уәлиханов Семенов-Тянь-Шанскийдің ұсынуымен барған.
Ал Шоқан Уәлиханов атындағы Омбы орыс-қазақ достық орталығының жетекшісі Махаббат Коптуров өзінің бастамасымен Омбы кадет корпусында үздік студенттерге Уәлиханов атындағы стипендия тағайындалғанын хабарлады.
РҒА Жалпы тарих институтының директоры, ҚР және РФ тарихшыларының бірлескен жұмыс тобының тең төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Михаил Липкин халықтар достығымен қатар ғалымдардың достығы туралы да айта кету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты, ол биыл Уәлихановтың досы орыс ғалымы Григорий Потаниннің 190 жылдық мерейтойы атап өтілетінін еске салды.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, оның қатысушылары Шоқан Уәлихановтың Қазақстан мен Ресейдің ортақ мұрасы, екі халықтың достығы мен ынтымақтастығының символы және берік негізі екенін атап өтті. Олардың пікірінше, көрнекті қазақ ғалымының өмірі мен қызметі терең әрі егжей-тегжейлі зерттеуге лайық. Осыған байланысты қазақстандық және ресейлік ғалымдар Уәлихановтың ғылыми мұрасын зерделеуде өзара іс-қимылды белсенді дамытып, жаңа парақтарды ашуы қажет. Өткізілген дөңгелек үстел осы үлкен жұмыстың басталуына ықпал ететініне сенім білдірілді.