Мәскеу кәсіпкерлері қазақстандық серіктестермен ынтымақтастыққа мүдделі

Мәскеу кәсіпкерлері қазақстандық серіктестермен  ынтымақтастыққа мүдделі

Ресей астанасының Ахуалдық орталығында Алматы облысының әкімдігі, квазимемлекеттік сектор және бизнес ұсынған облыс делегациясының қатысуымен «Мәскеу - Қазақстан» бизнес-диалогы өтті.

Форумның мақсаты - екі өңірдің кәсіпкерлері арасында тұрақты коммуникациялар құру және іскерлік ынтымақтастық үшін жаңа бағыттарды қалыптастыру.

Кездесуге қатысушылар сауда-экономикалық байланыстар мен өнеркәсіптік кооперациядан бастап цифрлық трансформация, шағын және орта бизнесті қолдау, туризмді дамыту және мәдени алмасулар мәселелеріне дейінгі тақырыптардың кең ауқымын қарастырды.

Форумды аша отырып, оның модераторы, «Мәскеу экспорттық орталығы» АКҰ Бас директоры Виталий Степанов Қазақстан дәстүрлі түрде экспорттық операциялар тұрғысынан Мәскеудің негізгі 3 серіктесінің қатарына кіретінін, сонымен бірге, барлық салалар даму үстінде екенін айтты. Осыған байланысты ол өтіп жатқан бизнес-диалогтың өзектілігі мен уақтылығын атап өтті.

Өз тарапынан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев жиналғандарды Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуымен және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерімен таныстырды. Атап айтқанда, ол инвесторлар мен сауда серіктестері үшін Қазақстан экономикасының неғұрлым тартымды негізгі секторларын белгілеп өтті. Елші Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында ірі инвестицияларды тартуға ерекше назар аударғанын атап өтті.

Мәскеу Үкіметінің министрі, Мәскеудің Сыртқы экономикалық халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Черемин $28 млрд. Қазақстан-Ресей тауар айналымының шамамен үштен бірі ($9 млрд.) Мәскеу бизнесіне тиесілі екенін айтты. 2025 жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш тағы 14,2% - ға өсіп, $1,9 млрд. құрады.  Бұл сандар іскер топтардың бірлескен жобаларға деген қызығушылығының артуын және экономикалық өзара іс-қимылдың тұрақтылығын растайды. Ол, сондай-ақ, қараша айында Президент Қ.Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары аясында Қазақстанда (Астана мен Алматыда) Мәскеу күндерін өткізу жоспарлары туралы хабарлады.

Мәскеу қаласының Туризм жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Болат Нұрмұханов өткен жылы Мәскеуге келуші туристердің саны – 26 млн. рекордтық санға жеткенін, оның ішінде 200 мың қазақстандық келгенін хабарлады.  «Бұл – көрсеткіштің шегі емес. Өзара негізде туристік ағынды арттыру қажет, ол үшін көптеген практикалық механизмдер бар. Біз өзара туристік іскерлік миссиялар мен таныстыру турларын ұйымдастыруға дайынбыз», - деді ол.

Тақырыпты Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы жалғастырды. Оның айтуынша, аймақ ашық ауада демалуға және ерекше табиғатпен танысуға кең мүмкіндіктер ұсынады.

Өз кезегінде, Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы өңірдің бай табиғи, өнеркәсіптік және адами әлеуетке ие екенін еске салды. Мысалы, стратегиялық географиялық орналасуы Алматы облысы үшін трансшекаралық логистикада шешуші рөлді қамтамасыз етеді. Ол Мәскеу бизнесін белсенді өзара іс-қимылға, тәжірибе алмасуға және жаңа перспективалық жобалармен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Алматы облысы Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ақыл Жандос Қанатұлы цифрландыру бойынша негізгі жобаларды ұсынды. «Алматы облысында заманауи цифрлық технологияларды енгізу жаңа деңгейге жетті, бұл өңірлік инфрақұрылымды басқарудың тиімділігін едәуір арттыруға және процестердің мониторингін сапалы жақсартуға мүмкіндік береді. Осы стратегия аясында «Алматы облысының цифрлық егізі» жобасы сәтті жүзеге асырылды», – деп бөлісті ол.

Қазақстанның Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Инна Апенко еліміздің Fashion-индустриясымен таныстырып, қазақстандық «Global Nomads» киім брендінің тұсаукесерін жасады.

Іс-шара соңында іскерлік байланыстар биржасы өтті, онда іскерлік қоғамдастық өкілдері өзара іс-қимыл перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады. Елшілік пен Алматы облысы әкімдігінің өкілдері ресейлік кәсіпкерлердің көптеген сұрақтарына жауап берді.