«Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымы Мәскеу сахнасында

«Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымы Мәскеу сахнасында

8-9 шілдеде А.П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестивалі аясында Моссовет атындағы Мемлекеттік академиялық театр сахнасында режиссер Фархад Молдағалидің «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымының көрсетілімі өтті. Көрсетілім Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің, Алматы қаласы әкімдігінің және Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Саундрама «Алатау» дәстүрлі өнер театры мен StarTDrama театр зертханасының бірлескен жұмысы болып табылады, онда ұлттық аспаптарды пайдалана отырып музыка арқылы Сұлтан Бейбарыстың өмір тарихы баяндалады, сондай-ақ жауынгерлік өнер элементтері мен сүрелер арқылы бай мәдени дәстүр бейнеленеді. Сахналық қойылымда көптеген әртістер: драматургия, балет әртістері, вокалистер, жауынгерлік өнер шеберлері және музыканттар қатысқан.

Чехов фестивалінің ұйымдастырушылары атап өткендей, бүгінде Фархад Молдағали «Қазақстандағы театр өнерінің жаңа толқыны көшбасшыларының бірі» және елдегі саунд-драма жанрында жұмыс істейтін жалғыз режиссер. Онымен бірге қойылымды сахналау үшін Шырын Мұстафина (пластика бойынша режиссер), Серікжан Айтқалиев (композитор), Нұрлан Төлешов (суретші), Алма Сырбаева (костюм суретшісі), Дидар Исахан (саунд-дизайнер), сондай-ақ сахналық жекпе-жек көріністеріне жауапты Әділет Тәменов және басқалар еңбек етті.

Фархад Молдағали үшін бұл Мәскеудегі екінші қойылым. Оның «Құлагер» спектаклі бұрын XVI Чехов фестивалінде ұсынылған болатын. «Моссовет театрының сахнасы біздің театр үшін туғандай болып кетті, біз мұнда фестиваль аясында екінші жыл өнер көрсетіп келеміз. Чехов фестивалі әлемдегі ең үздік фестивальдердің бірі және біз оның сахнасында ұлы билеуші туралы өз туындымызды ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз», - деп атап өтті режиссер.

Фестиваль Мәскеуде 23 мамырдан 25 шілдеге дейін өтеді. Биылғы жылы Ресейге Қытай, Үндістан, Иран, Бахрейн, Колумбия, Армения, Бразилия, Оңтүстік Африка, Аргентина және Ливанның үздік театрлары өз жұмыстарын әкелді. 

Мәскеу көрермендері қойылымды ыстық ықыласпен қарсы алды. Атап айтқанда, көрермен Юстина Самотей әлем елдерінің, әсіресе түркі елдерінің мәдениетіне қызығушылық танытатынын атап өтіп, «Мен Қазақстанда үш рет түрлі қалаларда болдым, өз мәдениетімен таныстырып отырған Қазақстаннан келген қонақтарды қабылдауға қуаныштымыз. Ресейлік көрермен үшін саундрама жанры жаңа және айрықша, сондықтан жаңа форматтағы қойылымды асыға күтудемін, тамашалағаннан кейін достарыммен өз әсеріммен қуана бөлісетін боламын», - деді өз сөзінде.