Ресейлік дипломат қазақстандық марапатқа ие болды

Ресейлік дипломат қазақстандық марапатқа ие болды

Мәскеуде Қазақстан Елшілігінде Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Ақпарат және баспасөз департаментінің аға кеңесшісі Дмитрий Суворовты «Шапағат» медалімен марапаттау рәсімі өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV мерейтойлық сессиясының жұмысы аясында қол қойған Жарлығына сәйкес, ресейлік дипломат қазақ мәдениетін дәріптегені үшін жоғары марапатқа ие болды.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев марапаттау рәсімінде атап өткендей, іс-шараның Ұлттық домбыра күні қарсаңында өтіп жатқаны кездейсоқ емес. «Қазақтар үшін бұл аспап қасиетті. Сіз домбырада және басқа да ұлттық аспаптарда ойнауды үйрендіңіз. Біздің мәдениетіміз бен дәстүрлерімізге ерекше құрметпен қарағаныңыз үшін ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіз», – деп атап өтті Елші.

Өз кезегінде Дмитрий Суворов Қазақстан басшылығына алғысын білдіріп, бұл оның өміріндегі алғашқы мемлекеттік награда екенін айтты. «Мәдениет, өнер, музыка, поэзия арқылы басқа халыққа деген өзара түсіністік пен сенімге жол табу оңай. Сондықтан болар, дипломаттар арасында шығармашылық адамдар көп. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық әріптестерді Дипломат күнімен және алдағы Ұлттық домбыра күнімен құттықтағым келеді. Бұл жерде дипломатия мен музыканың үштасқаны бекер емес», - деп атап өтті Дмитрий Суворов.

Ол 2019-2023 жылдар аралығында Қазақстандағы Ресей Елшілігінде кеңесші болып қызмет істеген кезінде домбыраны ғана емес, басқа да ұлттық аспаптарды – қылқобыз, шертер және сазсырнайды игергенін айтты. Бұл ретте дипломат аспаптарда ойнап үйрену үшін елдегі танымал музыканттардан сабақ алған, ал аспаптарды үздік шеберлер тапсырыспен жасап берген.

Дмитрий Суворовтың бұл әуестігіне оның әйелі Оксана қолдау білдіреді, ол мамандығы бойынша пианист. Ерлі-зайыптылар жұп болып жиі өнер көрсете отырып, тыңдаушыларды қазақ мәдениетімен қуана таныстырады.

Анықтама үшін:

«Шапағат» медалі (Мейірімділік) – 1995 жылы белгіленген Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты. Бұл медаль азаматтарға белсенді және жемісті қайырымдылық қызметі мен мейірімділігі үшін беріледі.