Астананың Якутиядағы мәдениет күндері

Астананың Якутиядағы мәдениет күндері

Якутскіде Астана қаласының мәдениет күндері өтті.

Іс-шара аясында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев пен Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаевпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады, сондай-ақ соңғы жылдары өзара байланыс қарқындылығының артқанын атап өтті. Нәтижесінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілген.

Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан мен Якутия өңірлерінің тауар айналымы шамамен $168 млн. құраған, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 4% - ға жоғары. Болашақта да мүмкіндіктер мен жоспарлар көп екені атап өтілді. Мәселен, туризм, IT, ауыл шаруашылығы, орман және өндіруші өнеркәсіп салалары өзара тиімді ынтымақтастық үшін перспективалы бағыттар болып табылады.

Мәдени-гуманитарлық жобалар да белсенді жүзеге асырылуда. Өткен жылы Қазақстанда Якутия күндері, якуттық шығармашылық ұжымдардың гастрольдері, Якут киносының күндері сәтті өтті. Тараптар «Азия балалары» VIII жазғы ойындарында және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттық делегациялармен алмасты. Қазақстандық оқушылар «Туймаада» халықаралық олимпиадаларының тұрақты қатысушылары болып табылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Астана әкімдігі мен Саха Республикасының Үкіметі арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес тараптар өзара қызығушылық тудыратын салаларда, іскер топтар мен мүдделі ұйымдардың байланыстарын ынталандыруда өзара тиімді байланыстар орнататын болады.

Якутиядағы Астана мәдени күндерінің әсерлі іс-шарасы Қазақстанның жетекші әртістері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен гала-концерт болды. Көрермендер ұлттық музыкалық өнеріміздің байлығын паш еткен сахна шеберлерінің қойылымдарын зор қошеметпен қабылдады.