XXVIII Петербург халықаралық экономикалық форум алаңында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Орынбор облысы губернаторының уақытша міндетін атқарушы Евгений Солнцевпен кездесті.
Орынбор облысы екі елдің өңіраралық өзара іс-қимылында ерекше орын алады, өйткені ол Қазақстан-Ресей шекарасының 1876 шақырымды құрайтын ең ұзын бөлігін алып жатыр.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің сыртқы сауда айналымындағы Қазақстанның үлесі шамамен 22% - ды құраған. Облыстың 170-тен астам кәсіпорындары Қазақстанға өз өнімдерін жеткізуді жүзеге асырады. Орынбор облысында қазақстандық капиталдың қатысуымен 50-ден астам кәсіпорын тіркелген.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін ескере отырып, Д.Абаев өзара бизнес-миссиялар ұйымдастыруды, жеткізілімдерді әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізуді және екі жақта коммерциялық компаниялардың өкілдіктерін ашуды ұсынды. Сондай-ақ, ол көлік-логистика саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды құптайтынын айтты.
Сонымен қатар, транзиттік әлеуетті, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін бірлесіп дамыту мәселелері талқыланды.
Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық мәселелер де қозғалды.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі білім беру саласы болып табылады. Орынбор облысында 1,5 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды.
Өңірдегі қазақ қауымы - маңызды байланыстырушы буын. Облыстағы қазақтардың саны 120 мың адамнан асады (барлық этностар арасында үшінші орын және облыстың жалпы халқының 6%). Елші отандастардың ана тілін үйренуге және өз дәстүрлерін сақтауға деген ұмтылысына көрсетілетін қолдауға ризашылығын білдірді.