Мәскеуде Қазақстан Елшілігінде «Достық пен сенім желісі: Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа 20 жыл толуына орай» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Құжатқа 2005 жылдың 18 қаңтарында қол қойылып, 2006 жылдың 12 қаңтарында күшіне енді.
Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, қоғамдық-саяси, ғылыми-білім беру және сараптамалық топтарының өкілдері қатысты.
Кездесуді аша отырып, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Шекара туралы шарт екіжақты мемлекетаралық ынтымақтастықтың құқықтық базасының негізін қалаушы элементтердің бірі болып қала беретінін атап өтті. «Қазақстан мен Ресей бейбіт келіссөздер барысында және өзара даусыз аумақтық межелеу мәселелерін тез шеше отырып, тарихи прецедент орнатты. Созылып жатқан шекара бірнеше онжылдықтар бойы өзара ынтымақтастықты нығайтатын тірек болуда», - деп атап өтті Елші.
Өз кезегінде, РФ СІМ ТМД 3-ші департаменті директорының орынбасары Ольга Биричевская Шекара туралы шартқа қол қоя отырып, екі ел басшылығы екіжақты байланыстардың ұзақ мерзімді оң динамикасы үшін қосымша құқықтық негізді қамтамасыз ету, олардың деңгейін үдемелі арттыру мақсатын ұстанғанын атап өтті. «Қазір біз сол кезде қабылданған шешімнің дұрыстығы мен көрегендігіне көз жеткізіп отырмыз. Бүгінде Ресей мен Қазақстан арасында өзара сыйластық, егемендікті, аумақтық тұтастықты мойындау, ішкі істерге араласпау қағидаттары негізінде қалыптасқан ерекше, артықшылықты қарым – қатынас орнатылған», - деп атап өтті ол.
Қазақстан СІМ Сыртқы саяси талдау және стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары Ілияс Қарсақовтың айтуынша, Шекара туралы шарттың бірегейлігі оның екі мемлекеттің ресми шекарасын бекітіп қана қоймай, сондай-ақ әлемдегі ең ұзақ үздіксіз құрлық шекарасын рәсімдеуінде жатыр. «Бұл стратегиялық шарттың Қазақстан мен Ресей арасында шекаралық немесе аумақтық проблемалар жоқ екенін білдіретін құжат ретінде саяси маңызы зор. Осылайша, біздің елдеріміз әлемге тұрақтылық пен тату көршілік қатынастарды сақтай отырып, осындай сезімтал мәселелерді қалай бейбіт және дипломатиялық жолмен шешуге болатынының үлгісін көрсетуде», – деп атап өтті І. Қарсақов.
РҒА ӘЭХҚИ директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Сергей Афонцев әлемдегі қалыптасқан геосаяси және экономикалық жағдайды ескере отырып, 20 жылдан кейін де Шекара туралы шарт өзекті болып отырғанына назар аударды. «Біздің достығымызды бұзушылардың қысымы мен қатеріне қарамастан, Қазақстан Ресей Федерациясымен ынтымақтастық пен кооперацияны дамыту саясатын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Біз Қазақстанның елімізбен сындарлы және өзара тиімді қарым-қатынасқа қосқан үлесін бағалап қана қоймай, осы ынтымақтастықтың нәтижелерін үлкен қанағаттанушылықпен көріп отырмыз», - деп атап өтті ғалым.
Атап айтқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң нәтижелерімен Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің атқарушы директоры Наталья Крючкова бөлісті. «Барлық макроэкономикалық қиындықтарға қарамастан, соңғы үш жылда біздің өзара саудамыз тек өсуде және жылына $26 млрд-тан төмен түспейді. Сонымен қатар, біз әрі қарай жылжудамыз, яғни мәселе өндірістерді оқшаулау және компанияларды тіркеу туралы болып отыр. 2025 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда Ресейдің қатысуымен - 23 000-нан астам, ал Ресеймен бірлескен меншік нысаны бойынша 4871 заңды тұлға тіркелген», - деп баяндады ол.
Осы тұрғыда Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков жаһандану дағдарысы мен сауда соғыстары жағдайында Қазақстан мен Ресей табысты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп, шекара маңындағы белсенді өзара іс-қимылды жүзеге асырып, көлік дәліздерін дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде ресейлік публицист және журналист Максим Шевченко мәдени диалогты да белсенді дамытуға, осы салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. «Мәдениет адамдардың санасына тікелей әсер етеді. Бұл ақпараттық кеңістікте жиі естіліп жатқан елдерімізді бір біріне қарсы қоюға тырысатын күштерге ең жақсы жауап болады», - деп атап өтті ол.
Өз тарапынан қазақстандық экономист Рахым Ошақбаев жастар диалогын жандандыруды ұсынды. Оның айтуынша, ортақ тарих, ортақ жеңістер, жылулық пен шынайылық жас ұрпаққа толық көлемде берілмей жатыр және бұл біз үшін сынақ және міндет.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, оның қатысушылары қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей арасында сыртқы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық-технологиялық және мәдени-білім беру ынтымақтастығы негізінде тұрақты стратегиялық әріптестік қалыптасқанын атап өтті. Сарапшылар біздің елдеріміз бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, тату көршілік пен жан-жақты ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтті. Оның негізінде мүдделердің ортақтығы, өзара сыйластық, жоғары және биік деңгейдегі сындарлы саяси диалог жатыр. Олар 400-ден астам шарттар мен келісімдердің берік халықаралық-құқықтық базасымен нығайтылған.