Қазақстан Елшісі ҚР Парламентінің Мәжілісі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті

Қазақстан Елшісі ҚР Парламентінің Мәжілісі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті

Минск, 2025 жылғы 10 мамыр – Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Тимур Жақсылықов Беларусь еліне Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысу үшін келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан-Беларусь парламентаралық ынтымақтастық тобының қазақстандық бөлімінің басшысы Павел Казанцевпен, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының «Родни кут» Беларусь мәдени орталықтары қауымдастығының Төрағасы Дмитрий Останьковичпен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында Елші Қазақстан мен Беларусь арасындағы дәстүрлі достық қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтіп, Елшіліктің екіжақты байланыстарды нығайту жөніндегі қызметі туралы хабардар етті. Кездесуге қатысушылар қазақстан-белорус ынтымақтастығының өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады.

Қонақтар үшін Елшілік мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Кездесу қорытындысы бойынша Елші Т.Жақсылықов пен «Родни кут» қауымдастығының Төрағасы Д.Останькович мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту туралы, оның ішінде мұражай экспозициясын Қазақстандағы Беларусь диаспорасының тарихы туралы материалдармен толықтыру туралы келісті.